«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК — БАРШАҒА ОРТАҚ

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болып, бірқатар нысандарды аралады.

Әкім алдымен Ресеймен шекарадағы “Жаңажол” кеден бекетінің жұмысымен танысты. Мұнда күніне 150-ге жуық жүк көлігі мен 40-тан астам жүргіншінің құжаттары ресімделеді. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов бекетте карантиндік талаптар мен гигиеналық тазалық ережелерінің сақталуы жайлы баяндады. Мұнда келген адамдардың дене қызуы тексеріліп, сараптама алынғаннан кейін карантиндік стационарға жіберіледі. Жағдай тұрақты. Сәуір айынан бері 2600-ден астам көлік өтіп, бәрі залалсыздандырылды. Айтуынша, дәрігерлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі шекаралас аумақтарда карантиндік шаралардың талапқа сай жүргізілуі тиістігін ерекше атап көрсетті. Көрші елде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны артып келеді. Қазақстанға келіп жатқандардың дені осы кеден бекетін басып өтеді. Сондықтан сақтықты бір сәт те босаңсытуға болмайды. Жұмыла, бірлесе әрекет етілсе, кез келген қиындық еңсеріледі. Бұған дейін өңірге оралған студенттерді тасымалдау ісіне ауданның “Жедел жәрдем” қызметі жұмылдырылса, енді арнайы көлік бөлінетін болды.
2022 жылы Мамлютка арқылы өтетін айналма жолдар толық жөнделеді. Бұл мақсатқа 443 млн. теңге бағытталған. Ал биыл аудан орталығындағы жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын бірнеше көше қалпына келтіріліп, 10 көшеге қиыршықтас төселеді. Бөлінген қаржы – 500 млн. теңге. Жолдарды күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан Құмар Ақсақалов өңірде жыл аяғына дейін 700 шақырым жол қалпына келтіріліп, 39 млрд. теңге жұмсалатынын жеткізді. Меңгесер, Бостандық, Қызыләскер, Афонькино елді мекендеріне қатынайтын жолдар да қалпына келтірілмек.
“Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы аясында ауданға күнгейден қоныс аударушылардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Солардың бірі – Айсұлу Ермаханның отбасы былтыр Жамбыл облысының Сарыкемер ауданынан көшіп келген екен. Мамандығы – дәрігер.
Баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілген. Осы шаңыраққа арнайы соққан Құмар Іргебайұлы хал-жағдайларын сұрастырып білді. Биыл ауданда көшіп келушілерге арнап 7 үй тұрғызылыпты. 4 үйдің құрылысы бітуге жақын. 6 отбасына жайлы баспаналардың кілті тапсырылған. Жыл аяғына дейін барлығы 54 үй пайдалануға беріледі.
Қазір көктемгі егіс науқанының нағыз қызған шағы. Дала жұмыстарына “Новомихайловское” ЖШС-нің директоры Геннадий Щеголевтің тыңғылықты дайындықпен келгені бірден байқалады. Жеңілдікпен ресімделген 110 млн. теңгеге тағы осынша мөлшерде өз қаражатын қосып, минералды тыңайтқыш шығаратын кішігірім зауыт пен механикалық дән кептіргіш тұрғызған. Былтыр астықтың берекелігі гектарынан 28,9 центнерден айналған, оның ішінде майлы дақылдар шығымдылығы 15 центнерді көрсеткен. Минералдық тыңайтқыштар сіңіретін, арамшөптерге және түрлі зиянкестерге қарсы препараттар себуге арналған заманауи техника мұхиттың арғы жағынан әкелініпті. “Agrimatco” ЖШС-нің қызмет көрсету инжинері Азамат Құрманғалиевтің айтуынша, кешенді техника күніне 700-800 гектар алқапты өңдеуге қауқарлы. Әр гектарға бар-жоғы 700 грамм дизель отыны жұмсалады. Қуаттылығы 240 ат күшіне тең.
Өңір басшысы агроқұрылым жетекшілерімен, маңдайын күн қақтаған диқандармен кездесіп, көктемгі егіс науқанын қысқа мерзім ішінде ұйымшылдықпен әрі сапалы атқарудың өте маңызды екенін атап көрсетті.


Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp