«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

Қоғамдық сананы оятуға, әлеуметтік мәселелерді көтеруге үлестерін қосуды мақсат тұтқан жастар құрған үкіметтік емес ұйымдар қатары біздің өңірімізде де көбейе түсуде. Мәселен, соңғы 5 жылда олардың саны 3 есеге артқан. Солардың бәрі бірдей мол қайтарыммен жұмыс істеп отыр ма? Бірден “иә” дей алмаймыз. Түрлі бағытта жұмыс істейтін 64 жастар ұйымының дені қағаз бетінде ғана өмір сүріп жатқаны байқалады.

Жұмыс барысымен үкіметтік емес ұйымдар өткізіп жатқан шараларға жиі қатысамыз. Сондағы аңғарғаным, көбінесе жастар ұйымдары өткізетін жиындарға айтылар сын көп. “Баланың ісі – шала” демекші, өз жұмыстарына ат-үсті қарайтындықтары көзге ұрып тұрады. Сенбілік, флэшмоб, акция сынды бұқаралық сипаттағы шараларды өткізуде креативтілік танытқандарымен, салмақты тақырыпта салиқалы үлгіде жұмыс істеуге келгенде кібіртіктейді. Жиынға шақырған адамдары келмейді, тақырыпқа сәйкес әзірленген көрнекі құралдары талапқа сай емес, ал ең бастысы талқылайын деп отырған тақырыпты өздері жетік білмейді. “Дөңгелек үстел” басына жиналғандардың қатары бірен-саран болса, көлденең кетіп бара жатқан адамды әкеліп отырғызып, кісінің қарасын көбейтеді. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шараға көпшілік мол жиналып, жоғары деңгейде өткендей етіп көрсетудің амалы. Бір сөзбен айтқанда, көзбояушылық. Осының барлығына сырттан қарап отырып, бұл тірліктеріне күлкің де келеді, қарның да ашады. Сонда кімді алдайды? Шетінен шешен кейбір жастардың мүдірмей сөйлегеніне сүйсінгенімізбен, істеріне дәл солай таңдана алмайтындығымыз өкінішті.

Бірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тақырыбында жиын өтіп, сонда жастар арасында аталмыш мәселені тиімді шешу жайы да талқыланды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмысты баяндауға мінберге көтерілген бір жастар ұйымының төрағасы ә дегеннен-ақ, сүріне берді. Қазақ тілінде өз ойын жеткізбек түгілі, екі сөздің басын қоса алмай абдырады. Өзі мемлекеттік тілді білмесе, жастар арасында оның қолданыс аясын дамытуға қалай үлес қоспақ?

Жалпы үкіметтік емес ұйымдар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істейтіні белгілі. Өткен жылы 141 миллион теңгеге 102 жоба жүзеге асырылса, биыл осы мақсатқа 99 миллион теңге бөлініпті. Аталмыш жобалардың арасында жастар ұйымдары жүзеге асыратындары да бар. Осы орайда жобалардың жүзеге асырылу сапасы бақылана ма деген заңды сұрақ туындайды. Құзырлы органдарға хабарласып едік, мемлекеттік тапсырыспен жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапасы бақыланады екен. Егер деңгейі төмен болса, ескерту де айтылатын көрінеді. Сонда айтылған ескертуді естір құлақ жоқ па, әлде “сен жақсы, мен жақсы” деген көңілжықпастықтан аса алмай жүрміз бе?

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp