«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АУЫР

Мемлекеттік аудит нысандарының жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, қаржылық және басқарушылық ақпараттың сенімділігі мен шынайылылығын, мемлекеттік органдар қызметін ұйымдастырудың ішкі үдерістерінің тиімділігін, көрсетілетін қызметтердің сапасын, мемлекет активтерінің сақталуын талдау, бағалау және тексеру үстіміздегі жылы қайта құрылған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің міндеті болып табылады. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті орталық атқарушы органның құзыреті шегінде ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, аудиторлық қызмет, бухгалтерік есеп пен қаржылық есептілік саласында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомствосы ретінде жұмыс істейді.

Үстіміздегі жылы біздің департамент қызметкерлері 72 аудиторлық іс-шара жүргізіп, жалпы сомасы 10 839,2 млн. теңге болатын бұзушылықты анықтады, оның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзушылығы 7 553,2 млн. теңге, ағымдағы шығындар – 2 622,7 млн. теңге, трансферттерді және бюджеттік субсидияларды ұсыну бойынша – 450,1 млн. теңге, бухгалтерлік есепті енгізу және қаржылық есептемені құрастырудағы заңнамаларды бұзушылық 213,2 млн. теңге болды.

Департамент қызметкерлері анықтаған заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасынан 59,2 млн. теңгесі қайтарылуға және қалпына келтіруге жатады, қолданылған шаралар нәтижесінде 10,5 млн. теңге қалпына келтірілді және қайтарылды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес бюджеттік, мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептеме туралы қолданыстағы заңнамалар бойынша жіберілген бұзушылықтары үшін департамент қызметкерлері 6,2 млн. теңге сомасында айыппұл түрінде 43 әкімшілік жаза салды. Есепті мерзім ішінде оның 5,7 млн. теңгесі немесе 92 пайызы бюджет кірісіне қайтарылды, қалған 0,5 млн. теңгенің өтеу мерзімі келген жоқ, олар бойынша материалдар тиісті орындарға тапсырылды.

Үстіміздегі жылдың басынан бері департаменттің бұзушылықтарды жоюға байланысты жіберген ұйғарымдарының негізінде 60 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 4 629,6 млн. теңге мемлекеттік сатып алудың он жетісінің қорытындылары күшін жойды және қайта қарастырылды.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 30-бабына сәйкес департамент қызметкерлері облыстағы мемлекеттік сатып алуларға камералдық бақылау жүргізеді.

Камералдық бақылауды әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру және тексеру жолдарымен мемлекеттік аудит нысанына бармай тұрақты негізде жүргіземіз.

Камералдық бақылау бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит нысанына камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өздерінің жоюына мүмкіндік беру және мемлекеттік аудит нысандарына әкімшілік жүктемені төмендету мақсатында жүргізіледі.

Үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде камералдық бақылаумен жалпы сомасы 72,9 млрд. теңге болатын сауда лоттары тексерілді. Соның нәтижесінде 1668 лотта 13,9 млрд. теңге сомасында сатып алу бұзушылықтармен жүргізілгені анықталды. Камералдық бақылау қорытындылары бойынша департамент анықталған бұзушылықтарды жою туралы 887 хабарлама жіберіп, оның 884-і орындалды, үш хабарлама бойынша шарттық міндеттемелердің орындалуына байланысты бұзушылық толық көлемде жойылған жоқ. Осыған байланысты департамент Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 464-бабына сәйкес осы мекемелердің басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Камералдық бақылаудың қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жойған және хабарламалар талабын мерзімінде орындаған 123 лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершіліктен босатылды.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының әрекеттеріне мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы орналастырған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей департаментке шағым жасалған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі оны қарау мерзімі аяқталғанға дейін он жұмыс күні ішінде тоқтатыла тұрады. Шағымды қарау нәтижелері бойынша департамент мемлекеттік сатып алу қорытындысының күшін жою не күшін жоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Сонымен қатар, департамент қолданыстағы заңнама шеңберінде заңды және жеке тұлғалардың 151 өтінішін қарады. Олардың бірқатарында өтініш берушінің дәлелдері расталды. Өтініштерді қарау қорытындылары бойынша департамент өзінің өкілеттігі аясында шаралар қолданды.

Департамент қызметкерлері мемлекеттік сатып алуларды өткізуде орын алуы мүмкін бұзушылықтарды ескерту және алдын алу мақсатында тұрақты түрде камералдық бақылауды жүргізу ерекшеліктерін түсіндіру бойынша семинар-кеңестер өткізуде. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жоспарға сәйкес өз жалғасын табатын болады.

Галилитдин ЖАЗЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp