
Былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің құрамына енген құқық қорғау, мемлекеттік органдардың, облыстық кәсіпкерлер палатасының, ардагерлер кеңесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері 23 тәртіптік істі қарады. 18 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олар қызметтік әдепті бұзып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген. Осы орайда Әдеп кодексін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған қызметкерлер саны көбейгенін айтып өткен жөн. Мемлекеттік қызметшілер заңсыз шешім қабылдағаны, қызметтік міндетін сапасыз орындағаны, моральдық-этикалық талаптарды сақтамағаны, азаматтарға дөрекілік танытқаны үшін жазаланған.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар барысында түрлі тәртіп бұзушылықтар, тендерді ұтып алған мердігерлерден орындалмаған жұмысты қабылдау фактілері де кездеседі. Мәселен, өткен жылы 4 ауылдық округ әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Нәтижесінде екеуі қызметінен босатылып, қалғандарына атқарып отырған қызметіне сай еместігі жайлы ескерту жасалды. Сонымен қатар мас күйде көлік басқарғандарға қатаң шара қолданылады. Былтыр екі мемлекеттік қызметші осындай өрескел қылығы үшін атқарып отырған қызметтерінен қуылды.
Кеңес тәртіптік істерді қараумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік органдарда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кешенді түрде алдын алу шараларын өткізеді. Департамент мамандары мемлекеттік органдарда заңның сақталуын жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер арқылы анықтайды. Өткен жылы өткізілген 43 тексерістің отыз бірі азаматтардың өтініші бойынша жүргізілді. Оның нәтижесінде 266 бұзушылық анықталып, 18 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Құқықтық статистика жөніндегі комитеттің мәліметтері арқылы мемлекеттік қызметшілерге салынған айыппұлдарды, заң бұзушылықтарды да қатаң бақылаймыз.
Егер мемлекеттік қызметшінің айыппұлды төлемегені анықталса, оның басшысына ескерту хат жолданады. Бүгінгі күнге дейін 659 әкімшілік айыппұлдың 41-і төленбегенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар қоғамдық орындарда мас жүргендер, белгіленбеген орындарда темекі тартқандарға да жаза бар. Мұндай жағдай орын алса, қызметшілерге тәртіптік жауапкершілік қарастырылады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау. Екі жылдан бері мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс, яғни кешкілік кабинетте қалуына жол бермеу мақсатында да еңбек инспекциясымен бірге бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мұндай заң бұзушылықты бірнеше мәрте қайталаған мемлекеттік органдардың басшылары жазаға тартылады.
Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан да мониторинг, жасырын сауалнама жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметшілердің тиісті заңнамалар мен Әдеп кодексін бұзбауын қадағалайды.
Департамент ай сайын мемлекеттік қызметшілердің ғимаратқа кіріп-шығуын қадағалайтын жүйенің мәліметтеріне мониторинг жүргізеді. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында мемлекеттік қызметшілердің жұмыста бөгелуі жиіледі. Осы орайда мемлекеттік органдардың басшылары еңбек тәртібін сақтап, кешкі уақытта кеңес өткізбеулері, “тапсырманы тез орындау керек” деген сияқты бұйрық бермеулері керек.
Жанат ЖҰМАБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары – Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі.
Сурет https://www.youtube.com/ сайтынан алынды.