Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Үндеуінен сақтық шаралары барынша жүргізіліп жатқанын ұғындық. Қазірдің өзінде білім беру ұйымдарында сабақтар тоқтатылып, қоғамдық демалыс орындарына баруға шектеу қойылды. Бұл өте дұрыс шешім.
Қатерлі вирустан қорғанудың амалдары жан-жақты қарастырылып жатыр. Бұл көңілдегі күпті ойды сейілтеді. Әр адам өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Тазалық тәртібін сақтауды алдымен өзімізден бастағанымыз жөн. Кеселдің одан бетер таралуына жол бермеуге барлығымыз мүдделіміз. Сондықтан төтенше жағдайға байланысты тұрғындар өздеріне артылған жауапкершілікті ерекше сезінсе екен деймін. Әр адам гигиеналық тазалықты қатаң қадағалауы тиіс. Адамдар шоғырланатын жерлерге баруды уақытша шектеу оң нәтиже береді деп ойлаймын. Байбалам салып, абыржып, аптығудың қажеті жоқ. Тұрғындар сары уайымға салынбай, сабырлы болғаны жөн. Баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қауіпті вируспен бір адамдай күресейік.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.