«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПСЫЗ МАХАББАТ

Құлақты жарып жіберердей музыка. Ығы-жығы адам. Жарқ-жұрқ еткен жарық. Көптен бері көңілі құлазып жүрген Жантас­ты бой сергітсін деп би кешіне ертіп келгенмін. Танысқаны­мызға бірнеше жыл өтсе де ара­мыздан қыл өтпестей дос болып кеткенбіз. Студенттік кездің екі жылы артта қалыпты. Жас кезде адамның басынан не өтпейді? Бірге жүріп талай сынақты көрдік. Алдағы өмір жолында не күтіп тұрғаны бір Құдайға аян.

Емтиханнан төмен баға алға­лы бері Жантастың қабағы сы­нық. Бұрынғыдай күлмейді, ой­намайды. Өзін-өзі іштен мүжіп, уайымдай бергеніне қараптан-қарап мен алаңдаймын. Болар іс болды. Емтиханнан кім сүрін­бей жатыр? Алдымыздан шық­қан әр қиындыққа осылай езіле берсек алдағы күніміз не бол­мақ? Алайда не десем де Жан­тастың бетіне қан жүгірген жоқ. Өзі бір үйдің жалғыз баласы. Ата-анасы ел қатарлы қарапа­йым адамдар. Алыста жүрген ба­лаларының жайына олар да алаңдайды. Олардың көңіліне қаяу түсірмейін деп Жантас та барынша тырысып жүр. Соның уайымы болса керек, ұнжыраған түсіп жүргендіктен еш себебіне қарамай би кешіне күштеп апар­дым.

Үлкен қаланың жастары жи­налған би кешін көрген соң да жолдасымның қабағы ашылған жоқ. Айналасына ешқандай қы­зық болмағандай селқос қарай­ды. Бұрын ойын-сауық дегенде қолды-аяққа тұрмайтын жан­ның бұл тұрысынан мен де өзімді жайсыз сезіне бастадым. Көп ішінен өтіп, бұрыштағы үс­телге жайғастық. Мұндайда адамға не деріңді де білмейді екенсің. Әрнені сөз етіп көңілін ауламақ болдым. Бірақ Жантас­тың өзі осында отырғанымен бар ойы емтихан тапсырған ау­диторияда қалып қойған сияқ­ты.

Бұл жерде оған қызықты еш­теңе болмаған соң аздан кейін кетуге ыңғайланды. Менің оны жібергім жоқ.

– Жастық шақта адамның басынан не өтпейді? Бір рет тө­мен баға алдым деп осынша сары уайымға салынғаныңа таң­мын. Ертең-ақ осының бәрін күліп еске алатын боламыз. Шешілмейтін мәселе шешіл­мейді. Сондықтан енді алаң­дауың бекер. Одан да бой сергіт, би биле, сабақ оқу үшін де көңіл күй керек, – деймін оған.

Жантасты залдың ортасында билеп тұрған көңілді топқа қо­сып жібердім. Енді бір уақытта қарасам құрдасымның жүзі жай­нап, көзінде от пайда болыпты. Бар уайымын ұмытқандай бидің қызығына беріліп кеткен.

Қанша уақыт өткені белгісіз, қарап қалсам Жантас бір бой­жеткенмен сөйлесіп тұр екен. Екеуінің әңгімесі жарасқаны күлімдеген жүздерінен-ақ көрініп тұр. Кеш бойы қыз-жігіттің жұбы жазылмай, шығарда Жан­тас жаңа танысын шығарып са­луға беттеді.

– Кешегі танысың кім? – деймін ертеңіне оған.

– Би кешінде таныстық. Көзіме бірден жылы ұшырай кетті. Сөзіміз жарасып, кешке үйіне дейін шығарып салдым. Ол да бізбен қатарлас студент екен. Есімі – Балнұр.

Осыдан кейін Жантастың жаңа өмірі басталды. Ләйлісін көрген Мәжнүндей Балнұр десе жүрегі алып ұшады да тұрады. Таңертең алдымен соны көруге асығады. Кешкісін қолтықта­сып үйіне дейін апарып салады. Бір күн көрмесе телефонына ха­барласып, сыр шертіседі. Жа­бырқап жүрген жолдасымның бар уайымнан арылып, жанына жақын адамын жолықтырғаны­на мен де қуандым.

Мен бұл өмірде басқаны Жантас сияқты сүйген адамды көрген жоқпын. Ұйықтаса да Балнұр деп күбірлейді. Жатса-тұрса бар ойлайтыны сол. Әр кездескен сайын ғашығын бір жыл көрмеген адамдай айна­лып-толғана береді.

– Біз үйленетін болдық, – деді бірде ол бәрімізді таң қы­лып.

– Оқуды аяқтауға әлі екі жыл бар ғой. Шешім қабылдауға ерте емес пе? Неге сонша асықтың, – дейміз мұндайды күтпеген біз.

– Одан айырылып қалғым келмейді. Балнұрдың өмірлік серігім екеніне күмәнім жоқ. Бұдан артық созғанның еш мәні болмас.

– Үлкендер ше, олар не дейді?

– Ата-анам алғашында қар­сылық танытқандай болды. Той жасауға қол қысқа, сәл күте тұ­райық дегенді жеткізгілері келді. Алайда баласының азамат бол­ғанына қуанбайтын ата-ана бар ма? Келісім берген сыңайлы.

– Сонда екеуің ерлі-зайып­ты болдыңдар делік, екеуің де студентсіңдер. Күнделікті өмір­ге ақшаны қайдан аласыңдар?

– Үлкендер көмектесер. Мен де қарап қалмаспын. Қосымша жұмыс істеп табыс табуға тыры­самын.

Оның бұл ойы көңілге күмән ұялатқанымен, ренжітіп алмау үшін жұмсақ сөйлеп, құттық­тауымызды айттық.

Осылайша ессіз ғашық бол­ған Жантас біздің арамыздағы ең алғаш үйленген жігіт атанды. Ойын-тойы қас қаққанша өте шықты. Ата-анасы жалғыз ұл­дан ештеңесін аяған жоқ. Ақ­жарма тілектер айтылып, бәріміз жолдасымыз үшін шын қуандық. Қатарымыздағы бір жігіттің отау тіккеніне өзіміз үй­ленгендей шаттандық. Балнұр мен Жантас шын мәнінде қара­саң көз тоярдай жарасымды жұп еді. Екеуінің танысуына өзім се­бепкер болғанымды ойласам, менің де кеудемді мақтаныш кернейді.

Үйленген екі жас тойдан кейін жалдамалы пәтерге көшіп, отбасылық өмірдің алғашқы баспалдағын аттады. Жантастың қуанышында шек жоқ. Төбесі көкке екі елі жетпей қалғандай. Бұрын бір күн көрмесе тұра ал­майтын адамымен енді серт беріп, бірге болуға сөз байлас­қан. Бойында жігер, көзінде от пайда болып, тау қопарардай бо­лып жүр. Отбасылық өмір ер адамды соншалық өзгертеді екен ғой.

Алайда махаббат тек ыстық сезім мен аяулы сәттерден ғана тұрмайды. Ерлі-зайыпты болған соң тұрмыстың түйткілдерімен бетпе-бет келесің. Жайлы үйің, ішер асың болмаса, «сүйемін, күйемін» деген сөзіңнің де әсері аз. Соны түсінген Жантас сабақ­тан бос уақытында жұмыс істеу­ге көшті. Басында бәрі жақсы еді. Сабақтан шығып жұмысына кетеді. Одан асығып үйіне бара­ды. Ертеңіне тағы сол. Алайда бұғанасы қатпаған бозбала бір үйге тірек болуға әлі қауқарсыз екен. Қанша тырысса да қысқа жіп күрмеуге келмейді. Қысыл­ғанда бізден қарыз сұрайтын болды. Досымыздан немізді аяй­мыз? Студент болсақ та қолда барды соған бердік.

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзар» дегендей тойып ас ішіп, сәнді киім киер жағдайың болмаса махаббаттың да шыра­ғын жел үрлейді екен. Ересек өмірмен ерте танысқан Жантас­қа тұрмыстың жүгін көтеру оңай болған жоқ. Жасына қарамай бірнеше жұмысқа шықты. Біз сияқты баланы кім қызметке ала қойсын? Күні-түні қара жұмыс істеп, тапқанын үйге апаруға асығады. Ақша табамын деп са­баққа да көп келе бермейтін бол­ды. Бізден алған қарызы да есе­леніп кетті.

Бағып отырған баласы жоқ. Бір үйде екеу ғана. Соншалық шығын шығарлықтай себеп көр­ген жоқпын. Мүмкін Жантас өзі қолдағы ақшаны ұқсата алмай­тын шығар. Әйтеуір бұл жерде бір олқылықтың бары анық. Мұ­нымды жолдасыма қалай айта­рымды білмей тағы қиналдым.

Оның сабаққа келмей жүр­геніне мұндағылар да қарап отырған жоқ. Айтқан ескертуді елемейтін болған соң оқудан шығаруға кірісе бастаған. Мұ­ның хабарын естіген соң алыс­тан ата-анасы да жетті. Жантас­тың неліктен мұндай күйге түс­кенін сонда ғана білдік.

Біздің махаббат деп жүр­геніміз тек бір адамның ғана сезімі екен. Балнұр Жантасты өзіндей жақсы көрмейтін болып шықты. Танысқан сәттен бас­тап, өзіне қаратып алып, кейін үйлену туралы ойды да миына құя бастаған. Бар қызық бірге тұра бастаған сәттен басталған. Балнұр біз ойлағандай аяулы жар болмай шықты. Күнделікті ананы-мынаны сылтауратып Жантастан ақшаны ала берген, ала берген. Онысын отбасының керегіне жұмсаса жақсы ғой. Қымбат киім, сөмке мен әше­кейді ойланбастай сатып алатын болған. Көзі байланған күйеуі бұған да көніп, жұмыс істеп, қа­рыз алып, қолдан келгенін істе­ген. Ата-анасы баласының ба­сында қомақты қарыз бен несие бар екенін банктен хабарласқанда бірақ білген. Онымен қоймай оқудан да шыққалы тұр.

Ақыры Жантас пен Балнұр­дың жолы екіге айырылды. Жолдасымыз оқуын да жалғас­тыра алмады. Осылай бір сәттің жастық сезімі бір адамның өмірін ойрандады. Екеуінің та­нысуына себеп болған мен өзімді әлі күнге кінәлі сезінемін. Егер мен Жантасты сол кешке апармағанымда, екеуі таныспа­ғанда, үйленбегенде…

Жантас туралы ойлағанда көз алдымнан сол би кеші кет­пейді. Құлақты жарып жіберер­дей музыка. Ығы-жығы адам. Жарқ-жұрқ еткен жарық…

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp