“Soltústik Qazaqstan” газетінің соңғы нөмірінде “Газет неге оқырманға уақытында жетпейді?” деген мақала жарық көрді. Басылым тілшісі Ақмарал Есдәулетованың материалында Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының тұрғыны Қырғыз Қаңтарбаевтың “Soltústik Qazaqstan”-ға жазылғанымен, жаңа жылдан бері бірде-бір жаңа нөмірін алмағаны айтылыпты. Ардагердің өкпе-назы орынды. Оның ренішін газетті үздіге тосып отыратын оқырмандар жақсы түсінеді. Мұндай келеңсіз жағдаймен мен де бетпе-бет келіп отырмын. Байырғы басылымның тұрақты оқырманымын.
Алаштың ардақтылары іргесін қалаған газеттің мен үшін орны бөлек. Халықпен бірге жасап келе жатқан “Soltústik Qazaqstan” – біздің ұлтымызға жанашыр басылым. Сондықтан қазақтың жақсылыққа қол жеткізуін көздейтін газеттің әр жаңа нөмірін асыға күтемін. Жаңа жылдан бері қанша зарыға тосқаныммен, газет қолыма тиген жоқ.
Пошташылардың өз жұмысына жауапсыздық танытып отырғаны, әрине, басылым таралымының кемуіне де әсерін тигізуде. Өйткені, былтыр Бескөл ауылының Санта-Барбара атанып кеткен шағынауданы тұрғындарының “Soltústik Qazaqstan”-ға жазылып, бірақ ала алмай жүргендерін талай жиындарда құлағым шалды. Пошта қызметкерлері шағынауданның шет жағында тұратын үйлерге баруға ерініп, оқырмандар аманатына қиянат жасаған. Мамлют ауданының Бостандық ауылы тұрғындарының да газет үйімізге уақытында жетсе ғой, шіркін, деген әңгімелеріне де куәмін. Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының жұртшылығы да өткен жылдың соңында “Soltústik Qazaqstan”-ның қаншама нөмірі қолдарына тимегенін айтты. Мұндай бассыздық басқа да ауылдарда кездеседі.
Біз мерзімді баспасөзге жазылу науқаны қарсаңында газет таралымын арттыру үшін тілшілердің ауыл-ауылды аралап, оқырмандармен кездесу өткізгенін жақсы білеміз. Бүгінгідей газет, кітап оқымайтын ұрпақ көбейген заманда жазылушылар саны азайып қалмасын деп, табанынан тозып жүрген тілшілердің еңбегін еш қылу пошташылардың арына сын. Сондықтан байланыс саласы қызметкерлерінің өз жұмыстарын дұрыс атқармай отырғанына бәріміз де реніштіміз. Мұндай келеңсіздіктің орын алуына, ең алдымен, пошта басшылары жол бермеуі қажет деп ойлаймын. Газет тілшісінің мақаласына арнайы сала мамандарының жауабын біз де күтеміз.
Зейникамал КҮЛКИНА,
Прибрежный ауылының тұрғыны.
Қызылжар ауданы.