«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢ

Шөп дайындау науқаны қызу жүріп жатыр. Осы ретте маңдай термен әзірлеген қысқы азықты сақтап қалуға баса назар аударуымыз қажет.

Жыл басынан бері облыс аумағында болған 16 өрт солтүстікқазақстандықтардың дайындаған 80 тонна шөбін жалмады. Тұрғындарға 300 мың теңге көлемінде залал келтірген 7 өрт қасақана от қойғаннан болғаны анықталды. Осыған ұқсас өткен жылғы 32 өртте 190 тонна мал азығы жанып кетті.

Айыртау ауданының Арықбалық ауылында қасақана от қоюдан үй иелерінің ауласындағы қора-қопсы мен жарты тонна шөп жанып кетті. Төтенше жағдай орнына келген өрт сөндірушілер лезде отты сөндіріп, жекеменшік иелерінің қора-қопсыларын, ондағы малдарды аман алып қалды.  

Қаскүнемдер әдетте тұрғындар ұйықтап жатқан кезде, түн ішінде от қояды. Өкінішке қарай, олар тұрғындардың өміріне қандай қауіп төндіретіндерін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әдейі өртегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ойламайды.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу және еңбектің зая кетпеуі үшін облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мал азығын дайындау мен қыстаққа үю барысында өртке қарсы талаптар мен ережелерді сақтауды ұсынады. Дайындалған шөп тиісінше қоршалған болуы және электр қуаты желісінен – 15 метрдей, жолдан – 20 метрдей, шаруашылық құрылыстарынан, тұрғын үйлерден 50 метрдей қашықтықта орналасуы қажет. Егер де қасында резервте су қоры сақталса, төтенше оқиға кезінде өртті жылдам сөндіруге болады. Әрқашан өртке қарсы қызметтің “101” және “102” телефон нөмірлерін естен шығармай, өрт болған жағдайда дереу хабар беру керек.

Агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтарында төтенше жағдайға өрт сөндіру техникасы дайын тұруы, ал егін мен мал азығын жинауға қатысатын техникалар өрт сөндіргіштермен және ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. Көп мөлшерде дайындалатын пішенді сақтау үшін үйілетін маялардың орнын алдын ала жинап, аумақты найзағайдан қорғану құралдарымен жабдықтаған жөн. Әр маяның аумағы – 150 шаршы метрден, ал олардың арақашықтығы 20 метрден аспауы керек. Әрбір маяның арасы ені 4 метр болатындай етіп жыртылуы және шөп үйілген жер тәулік бойы күзетілуі қажет.

Азамат НҰРТАЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті басқармасының инженері,

 өртке қарсы қызмет подполковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp