Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында төл тарихымызды төрге оздыру жөнінде зор міндет жүктеп отыр.
Бағдарламалық мақалада біздің бабаларымыздың атқа міну мәдениетін жер жүзіне таратып, жылқыны ең алғаш қолға үйретіп, оны әскери көлік ретінде пайдаланғаны айтылады. Сонымен қатар “Алтын адамның” алтынмен апталған киімі мен сауыт-сайманын өрнектеген бабаларымыздың өнерге қаншалықты жақын, қандай шебер болғаны, қала салып, сәулет өнерін дамытқаны нақ та шынайы баяндалады. Әрине, мұның бәрін тарихтан білеміз десек те, Мемлекет басшысының еңбегінен кездестіруіміз жадымыздағы бұрынғы деректерді нақтылай түскені даусыз. Елбасы осы мақаласында тарихи сананы жаңғыртуды өзек етіп алып, бірнеше рухани жобаларды ұсынып отыр.
Нұрсұлтан Әбішұлы “Архив – 2025” атты жетіжылдық бағдарлама жасап, өз еліміздегі және шетелдердегі ірі архивтермен ұзақмерзімді байланыс орнатуды тапсырды. Бұл тапсырманы орындау барысында Ұлы далаға қатысты тарихи деректерді жинастыру, оларды цифрлы форматқа көшіру назарға алынады. Жаһандану заманында тарихи деректерді цифрландыру орынды-ақ. Осы орайда, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу үшін мектептерде тарихи-өлкетану қозғалыстарын өрістету қажеттілігі туындайды. Сондықтан жасөспірімдерді облыстағы мұражайларға жиі апаруды қолға алу керек. Елбасының Ұлы даланың әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейбарыс, әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Абай сияқты ұлы перзенттерін және басқа да тұлғалар арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында “Ұлы даланың ұлы есімдері” атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу бойынша тапсырмасын да қос қолдап қолдаймын. Кейінгі буын осындай тақырыптық саябақтарға қыдырса, тарихына құрметпен қарар еді.
Дала фольклорының антологиясын жасау, тарихи кино және телевизия туындыларын шығару да кезек күттірмес міндет. Ұлы даланың ұлылығын ұрпақ санасына сіңіріп, одан әрі әлемге танытуда бұл жобалардың маңызы зор. Елбасының мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру еліміздің әрбір азаматына, әсіресе, педагогтерге жауапты міндеттер жүктейді.
Құдайберген ҚОСПАҚАЕВ, №2 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.