«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жауапты науқан алдында

 

 

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болып, “Якорь СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқабында ауданның ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.

Кездесуде өңір басшысы аграршылардан алдағы орақ науқаны мен астықты қабылдауға дайындықтарын сұрап, қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге баса мән берді.

– Болжам жаман емес. Әр күнді ұтымды пайдалануымыз керек. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, ауа райының бұзылып кетуі мүмкін екенін естен шығармаған абзал, – деді Ерік Хамзаұлы. Содан соң облыс әкімі “Якорь СК” ЖШС-нің техникаларын көріп, мұндағы орақ жұмыстарының қарқынына оң баға берді. Серіктестік жемазықтық дақылдарды жинауға тамыздың он бесінде кіріскен. Бүгінде жұмыстың жартысы орындалған. Директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Борис Калугиннің айтуынша, сұлының егіс алқабы 250 гектар болса, жүгері 800 гектарды құрайды. Ал бидай 4 мың гектардан асады. Сондай-ақ, мұнда фермаға ғана емес, жұмысшылар үшін де қажетті жемшөп дайындалады. Аталмыш серіктестікте ірі қара саны екі мыңнан асады.

Жұмыс сапары барысында Ерік Сұлтанов Соколовка ауылындағы жеке кәсіпкер Ерік Темешовтің жылыжайында болды. Бұрындары кәсіпкер 4 сотық жерге көкөніс өсірсе, былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша несие алып, жаңа жылыжай орнатқан. Бағбан 300 шаршы метр жерге екі мың түп қияр отырғызған. Піскен өнім Петропавл қаласының базарларында сатылуда.

Кәсіпкер Ерік Темешов өңір басшысына жақын арада жылыжайға жылу жүйесін орнататынын айтып, келесі жылдың ерте көктемінде көкөністердің жаңа өнімі болатынын жеткізді. Қосымша төрт гектар жерде орамжапырақ, қызылша мен қызанақ өсіріледі. Кәсіпкердің алға қойған басты мақсаты – консервіленген көкөністерді сатылымға шығарып, нарықты кеңейту.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp