«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПТЫ НАУҚАН АЛДЫНДА

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен аграршылардың алқалы жиынына қатысып, алдағы көктемгі егісті ойдағыдай өткізу жөніндегі негізгі міндеттерді белгілеп берді.

– Экономикадағы өсімді қамтамасыз етудің басым бағыттарының бірі аграрлық секторды дамыту болып табылады. Ал саладағы аса маңызды әрі жауапты науқан – көктемгі егіс. Сондықтан оған барынша тыңғылықты дайындалу керек. Егіске дайындық жұмыстарын уақтылы, сапалы жүргізудің арқасында ғана күзде жақсы өнім алуға болады. Біздің облысымыз республикадағы астықты өңірлердің бірінен саналады. Жыл сайын облыс алыс-жақын шетелдерге 1,5 миллион тоннаға жуық жоғары сапалы бидай жөнелтеді. Үстіміздегі жылы да осы деңгейден төмендемеуіміз керек. Ол үшін барлық жағдай жасалуда, – дей келе облыс әкімі биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын кемінде 4,4 миллион гектар алқапқа орналастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кеңесте облыста көктемгі егіске қажетті тұқымның толық дайындалғаны айтылды. Оның 3 пайызы – элиталы, 80 пайыздан астамы жоғары репродукциялы. Жауапты науқанға машина-трактор паркі де дайындалуда. Мемлекеттің қолдауының арқасында арзандатылған дизель отыны бөлінді. Көктемгі-егістік жұмыстарын жүргізу үшін қаржылық және материалды-техникалық жарақтандыру мәселелері шешімін тауып, осы мақсатқа 23 миллиард теңге жұмсау көзделіп отырғанын Ерік Хамзаұлы баса айтып өтті. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары жұмыскерлердің еңбегін лайықты бағалап, жалақы төлеу мәселесіне барынша назар аударулары керектігін атап көрсетті.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров 2016 жылдың көктемгі егісіне әзірліктің барысы жайлы баяндады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бүгінгі дағдарыс жалпылама сипатқа ие болып отырғанын айтты. Бұл жағдай әлемдік экономиканың өсімін бәсеңдетуде. Дағдарыс қауіп қана емес, оның жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын да біз жақсы білеміз. Аймақ экономикасындағы жалпы өнімнің 23 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Облысымыз өткен жылдарда республика бойынша дәнді және майлы дақылдардың үштен бір бөлігін өндіріп, ішкі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп, экспорттық мүмкіндіктерді сақтап қалды. Мұның бәрі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында мүмкін болды. Аграрлық секторды қаржыландыру үшін өткен жылы барлық деңгейдегі бюджеттерден 40 миллиард теңге қаражат бөлінді. Егіс науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізу мол өнім алуға кепілдік береді, – дей келе Айдарбек Сейпілұлы алда зор міндеттер тұрғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 311,1 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы өсім қарқыны бойынша өңіріміз республикамызда 3-орында. Ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты мен қайта өңдеу өнімдерінен түскен табыс 324 миллион АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту мәселесінде кемшін тұстардың барын да жасырмады.

Кеңесте А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқарбаев, Ресей ауыл шаруашылығы академиясының “Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының” басшысы Иван Храмцов, облыстық ауылшаруашылық тәжірибелік станциясының зертхана меңгерушісі Ольга Гаас биылғы көктемгі егіске байланысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында “Казгидромет” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Қымбат Мерғалымова наурыз, сәуір, мамыр айларындағы ауа райы болжамы туралы айтты.

Жиынды облыс әкімі Ерік Сұлтанов қорытындылады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp