
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Ақжар ауданының диқандарының дәнді дақылдарды оруға кіріскеніне бір аптаның жүзі болды. Бүгіндері жергілікті шаруалар жауапты науқанға білек сыбана кіріскен.
Үстіміздегі жылы ақжарлық диқандар 183,4 мың гектар жерге дәнді дақылдар сіңірген. Оның 142,7 мыңы бидай болса, 38,8 мың гектарына арпа, 0,2 мың гектарына сұлы және 0,1 мың гектарына бұршақ отырғызылған. Майлы дақыл алқаптарының жалпы көлемі 72,4 мың гектарды құрайды. Сәйкесінше 5,5 мың гектарды рапс, ал 59,7 мың гектарды зығыр құрайды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Шайсұлтановтың айтуынша, қазіргі уақытта он шақты агроқұрылым орақ науқанын өзгелерден бұрын бастапты. Жалпы маңызды шаруа 255,4 мың гектар алқапта жүргізілмек.
– Қазіргі уақытта аудандағы шаруашылықтардың басым бөлігі орақ науқанына кірісті. Себебі, мамыр айында егілген бидай пісіп үлгерді. Астықтың сапасы жақсы. Жауапты науқанға 104 комбайн мен 12 жатканы жұмылдырған агроқұрылдар бүгінге дейін 21,1 мың гектар бидайды бастырып үлгерді. Бұл – жалпы жоспардың 11 пайызы. Жергілікті элеваторлар мен астық кептіргіштерге 1600 тонна бидай мен 14100 тонна арпа жеткізілді. Аудан бойынша әр гектардың орташа берекелігі 15 центнерден айналуда. Ендігі мақсат – әр ашық күнді тиімді пайдаланып, ала жаздай бапталған егінді шашау шығармай жинап алу, – дейді Азамат Тұрлыбекұлы.
Аудан бойынша орақ науқанына 425 комбайн, 320 жатка және 307 жүк көлігі жұмылдырылмақ. Бүгіндері олардың барлығы да толық дайын.
Сурет: https://www.7152.kz/