“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов қоғамдық қабылдау өткізіп, 4 азаматтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Екатерина Клишина – үй шаруасындағы әйел. Сал ауруына шалдыққан 9 жасар қызын тәрбиелеп өсіруде. Оны емдету үшін жылына бірнеше рет Алматы қаласындағы республикалық “Балбұлақ” балаларды сауықтыру орталығына барып тұрады. Ем-дом тегін. Алайда, орталықта тұруды, жолды ата-ана өз қалтасынан көтеруге мәжбүр. Кей ата-аналардың оған қаржысы жоқ болғандықтан, балалары тегін көрсетілетін ем-домды ала алмайды. Осы орайда асырауында мүгедек балалары бар ата-аналардың атынан Екатерина Клишина көмек сұрай келген. Оның айтуынша, өңірден шалғай орналасқан сауықтыру орталықтарында оңалту емін сал ауруына шалдыққан балалармен қатар, тыныс демікпесі бар жеткіншектер де ала алмайтын көрінеді. Мұндай ем Алматыдағы “Алатау” емдеу-сауықтыру кешенінде жүргізіледі. Осы орайда тыныс демікпесі бар ересектер мен балалар үшін өңірімізге жақын орналасқан Бурабайда “Қарағай” емдеу-сауықтыру орталығы барын айтқан Серікбол Рахымқанұлы науқастарға квотаны осы орталыққа берудің қаржылай әрі емдік есептен пайдалылығын атап өтті. Сал ауруына шалдыққан науқастарға оңалту емін жасауды жергілікті деңгейде шешу науқасқа әрі оның ата-анасына ыңғайлы екендігін тілге тиек еткен жауапты хатшы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде еліміздің өзге өңірлерінде ашылған оңалту орталықтарын мысал ретінде келтірді. Сондай орталықтардың алғашқысы Ақтөбе облысында ашылған. Онда тірек-қимыл аппараты зақымданған балалардан бастап, ересектерге дейін оңалту емі жүргізіліп келеді. Осындай орталықтарды біздің де өңірде ашудың жолдарын қарастыруды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қабдырахман Сақтағановқа тапсырған Серікбол Мусинов Екатерина Викторовнаға көмек сұрай келген мәселесін бақылауда ұстайтындығын жеткізді.
Ал облыстық қант диабетімен ауыратын науқастар қоғамының төрайымы Ольга Молчанова сусамыр дертіне шалдыққан науқастарға тегін берілетін шприцтердің жетіспеушілігін айта келіпті. Бұл мәселе жергілікті деңгейде шешімін табатындығы белгілі болды. Еліміздегі сусамыр дертінің жай-жапсарын атап өткен Серікбол Рахымқанұлы әр айдың соңғы сәрсенбісін диабет дерті мәселелерін талқылауға арнағандығын айтты. Осы орайда ол Ольга Ивановнаға диабет сырқатына қатысты ой-пікірлері болған жағдайда оларды электрондық поштасына жіберуді ұсынды. Қабылдауға келген өзге өтініш иелерінің әрқайсысымен кездескен жауапты хатшы олардң мұқтаждықтарын шешуге көм ектестеінін білдірді.