«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУДЫ ЕСІНЕН ТАНДЫРҒАН ТАНКИСТ

Петропавл қаласының тұрғыны, майдангер, Қарулы Күштердің құрметті ардагері, Александр Невский орденінің иегері Анатолий Иванович Гершунов Мәскеуде өтетін Ұлы Жеңіс күнінің 70 жылдық мерекелік шеруіне қатысуға шақырту алды. Бұл – ардагерге көрсетілген үлкен құрмет.

Анатолий Иванович Гершунов 1921 жылдың 20 қаңтарында Челябинск облысының Троицк қаласында дүниеге келген. 1940 жылы он тоғыз жасында Петропавл қалалық әскери комиссариатынан міндетті әскерге алынады. Отан алдындағы борышын Белоруссияда атты барлаушылар взводында өтейді. Әскери жаттығулар мен тапсырмаларды үздік орындап, үлгілі әрі іскер жауынгер ретінде көзге түскен ол 1941 жылдың көктемінде Минскінің танк училищесіне курсант болып қабылданады. Осында оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Бірақ курсанттарды бірден майдан шебіне жібермей, оқуды аяқтау үшін тылдағы Ульянов қаласына жөнелтеді. Анатолий Иванович училищені толық аяқтап, кіші командир шенімен соғыс танктерін жүргізу, басқару мамандығын игеріп шығады. 1942 жылы 31-ші армияның құрамында Батыс майданына жіберіледі.

Анатолий Гершунов Батыс майдан шебінде 42-ші танк бригадасының взвод командирі болып тағайындалып, соғысқа кіреді. Ардагер Смоленск бағытында алғашқы ұрысқа кірген сәтін әлі күнге дейін есінде сақтаған. Қаланы қайтсе де жау шеңгелінен босату үшін бұйрық алған бригада қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Неміс басқыншылары қаланы өз қолдарында ұстап тұру үшін бар күштерін жұмылдырып, қарсыласып бағады. 42-ші танк бригадасы, соның ішінде А.Гершунов басқарған танк взводы жаудың қалың күші шоғырланған ұрыстың қайнаған ортасына тап болады.

– Дәл жанымызға түсіп, жарылып жатқан снарядтар, бұршақтап жауған оқ танктеріміздің броньдарына сарт-сұрт тиіп, от жарқылдайды. Соған қарамастан өршелене алға жылжып, немістердің окоптарын басып-жаншып, нанша иледік. Жаудың шоғырланған күшін кейін ығыстырып, шегіндіре отырып, жаяу жауынгерлеріміздің Устро өзенінен өтуіне жол аштық. Танктеріміз Смоленск қаласына басып кіріп, ізімізден келген жауынгерлеріміз көшелерді жаудан тазарта бастады. Сол күні таңнан басталған шабуыл іңір қараңғыда аяқталып, қала жаудан азат етілді, – дейді ардагер. Смоленскіні алған осы ұрыста Анатолий Гершуновтың кеудесіне алғашқы жауынгерлік награда – Қызыл Жұлдыз ордені тағылады.

Өмірдің таңдауы солай болды ма, қайнаған қан майданның ортасында жүрген Анатолий Гершуновты генерал Вахрушев өзіне адъютант етіп алады.

– Бірақ мен майдан даласынан кеткім келмеді. Бейбіт жатқан елімізге ойран салып, жазықсыз жандарымызды қырғынға ұшыратқан жауға деген қанымның қайнағаны сондай, танкімнің табанына салып езгім келіп тұрды. Осы ыза мен кек намысымды буып, майданға сұрандым. Ақыры жарты жылдан кейін өтінішім қабыл болды. 213-ші танк бригадасына байланысшы офицер болып тағайындалдым. Осы бригаданың құрамында соғыстың аяғына дейін майдан шебінде болдым. 1945 жылдың көктемінде біздің бригада Шығыс Пруссияда соғысты, – дейді ардагер.

Анатолий Иванович өзінің жауынгерлік жастық шағын, жүріп өткен майдан жолын еске алғанда ең ауыр шайқас Ржев қаласы түбінде, Смоленскіні алуда, Шығыс Пруссияда болғанын әңгімелейді. Шығыс Пруссияда капитан Гершунов енді танк батальонының командирі міндетін атқарады. Бір елді мекенде жау мықты бекініс жасап алып, табандылықпен қарсылық танытады. Батальонда біраз шығын болады. Комбат жалғыз қалған “Т-34” танкісімен жаудың бейқам тұсын пайдаланып, басқару нүктесіне тұтқиылдан оқ жаудырады. Немістердің есі шығып, тым-тырақай қашады. Осы сәтті пайдаланып, ол өзінің экипажымен жау батальонының командирін күзетшілерімен бірге тұтқынға түсіріп, біздің шепке алып келеді. Шығыс Пруссиядағы осы шайқастағы ерлігі үшін Анатолий Гершунов Александр Невский орденімен марапатталады. Соғыстың аяқталуына бір апта қалғанда жараланған ол Жеңіс күнін госпитальда қарсы алады. Анатолий Ивановичтің ұзақ жауынгерлік жолы соқпалы болды және ауыр жарақат оның денсаулығына өз таңбасын қалдырды. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін кәрілікке бой алдырмай, денесін тік ұстап, өмірге деген құштарлық сезімін жоғалтпауда.

Соғыстан кейін А.Гершунов Қарулы Күштер қатарындағы қызметін одан әрі жалғастырды. Ленинградта өздігінен жүретін артиллерияның жоғары офицерлік мектебін және орталық әскери бронетанк курсын бітіргеннен кейін Германияға, одан кейін Закавказье әскери округіне қызметке жіберілді. 1961 жылы полковник шенімен құрметті демалысқа шықты. Оған өмір бойы полковник әскери формасымен жүру құқығы берілді.

Ардагердің кеудесінде Александр Невский, екі Еңбек Қызыл Ту, екі Қызыл Жұлдыз, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері мен көптеген медальдар жарқырайды. Сол омырауында сыңғыр қаққан әр марапаттың тарихына құлақ түрсең, ардагердің соғыстағы жауынгерлік ерлігі мен бейбіт өмірдегі ерен еңбектерінен терең сыр ақтарады. Оның нағыз патриоттық сезімі мен өнегелі өміріне осы марапаттар арқылы-ақ көз жеткізуге болады. Құрметті демалысқа шықса да, тіршілік ағымынан қол үзбей, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны және жастар арасындағы патриоттық тәрбиеге атсалысқаны үшін ол “Парасат” орденімен де марапатталды. 1995 жылы Анатолий Иванович Гершунов Жеңістің 50 жылдық мерекесінде Солтүстік Қазақстан облысының атынан Мәскеудің Қызыл Алаңында өткен Жеңіс шеруіне қатысып қайтты. Ал 2005 жылы 9 мамырда Жеңіс шеруін Астанада қарсы алды. Енді, міне, Мәскеудегі салтанатты Жеңіс шеруіне тағы шақырту алып отыр.

Зайыбы Галина Николаевна ардагермен өмірдің ыстығы мен суығын, қызығы мен қиыншылығын бірге бөліскен ең жақын жаны болған. Оны училищеге, майданға шығарып салды, соғыс жылдарында сарғая күтіп қарсы алды. Екеуі үш бала тәрбиелеп өсіріп, азамат етіп қатарға қосты. Олардан немере, шөбере көріп, қызыққа бөленуде. Гершуновтардың отбасы жыл сайын Жеңіс күнін бір шаңырақтың астында қарсы алып, ұлы мереке ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ал Анатолий Ивановичтің өзі жыл сайын 9 мамыр күні Мәңгілік алауға келіп, майдандас достарын еске алуды, қаза тапқан жауынгерлерінің рухына бас иіп, тағзым етуді әсте есінен шығармайды.

Жоламан ШАХАНОВ,

журналист.

СУРЕТТЕ: А.Гершунов.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp