“Еуразиялық диалог” халықаралық қоғамдық қоры екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, із-түзсіз жоғалып кеткен азаматтарды іздеу барысында 1941-1945 жылдар аралығында Ресейдің Иваново облысындағы әскери зиратта жерленген 108 қазақстандық жауынгердің есімін анықтағанын бұған дейін жазғанбыз.
Майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің тізімі облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде жарық көріп, туыстарын іздестіру жұмыстары басталған. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, кәсіподақтар ұйымы бастаған игі іске облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент және аудандық бөлімшелері, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағаты, ардагерлер кеңесі, облыстың еңбек ұжымдары, жастар мен еріктілер жұмылдырылды.
Акция барысында соғыста қаза тапқан Каухит Абдурахмановтың немересі бар екені анықталды. Халықаралық қордың деректері бойынша, жерлес жауынгер 1901 жылы дүниеге келген. Ол 1943 жылдың 9 мамыр күні соғыста қаза тауып, Ресей Федерациясының Иваново қаласындағы “Соснево” зиратында жерленген. Ал оның немересі Қайрат Жарасұлы бүгінгі таңда Айыртау ауданындағы Кирилловка ауылында тұрады. “Көкжайлау Грейн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болып жұмыс істейді.
Енді жауынгердің немересі атасының басына барып, рухына тағзым етуді жоспарлауда. Ал облыстық кәсіподақтар орталығы Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан, елімізді жаудан қорғаған майдангерлердің есімін ұлықтап, мәңгі есте сақтау үшін олардың туған-туыстарын іздестіруді жалғастырады.
Мұрат ҚАЛИЕВ,
облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары.