«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУЫНГЕРЛЕРГЕ ӘНМЕН ЖІГЕР БЕРГЕН

Жеңісті жақындатуға кезінде өнерпаздар да өз үлестерін қосқаны белгілі. Арнайы құрылған топтар жауынгерлерді қаһармандықпен соғысуға, тыл еңбеккерлерін жанқиярлық еңбекке жігерлендірді. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда өнерпаздардан құралған 14 топ майдан даласына жөнелтіліп, 2 мыңға жуық концерт қойған екен. Бұл жайында Петропавлда Михаил Лахтиннің сценарийі бойынша бір сағаттық концерт-фильм түсіріліп жатыр.

Көркем туынды «Соғыстың соңғы көктемі» деп аталады. Фильмді түсіру жұмыстары осыдан бір ай бұрын басталған. Барлық сахналық қойылымдар мен концерттік нөмірлер «Жеңіс» саябағы аумағында түсіріліп жатыр. Сценарий авторы әрі қоюшы режиссер Михаил Лахтиннің айтуынша, бұл фильмнің идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туған. Алайда, уақыттың тапшылығынан кейінге шегеріп келген екен.

Концерт-фильмнің сценарийі жазылмас бұрын соғыс жылдарында майдан шебінде өнер көрсеткен әртістер жайлы мәліметтер жинақтадық. Мағлұмат аз болғанымен туындының ұзақтығын 1 сағат қылайық деп шештік. Жобаның мақсаты – есімдері ұмыт қалған өнер бригадаларының еңбегін көрсету. Шығармамыз Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орайластырылып отыр, – дейді ол.

Тың жобада соғыс жылдарына арналған әндер мен халқымыздың төл туындыларын жергілікті өнер ұжымдарының өкілдері шырқайды. Сондай-ақ, жауынгерлердің образдарын С.Мұқанов және Н.Погодин атындағы драма театрлардың 40-тан астам әртісі сомдайды. Туындының тұсаукесері мамырдың 9-ы күніне жоспарланған.

Аманжол НҰРТАЗИН. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp