«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУЫНГЕРЛІК ТУДЫҢ КӨШІРМЕСІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Бейсенбі күні Жеңіс алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде өткізіліп жатқан “Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!” эстафетасы аясында 72-ші гвардиялық дивизияның жауынгерлік туының көшірмесін табыс етуге арналған салтанат болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, соғыс және еңбек ардагерлері, Петропавл Әскери институтының, №6637 әскери бөлімінің және ішкі істер департаментінің бастықтары, жауынгерлер, курсанттар мен жастар қатысты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Петропавл Әскери институтының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов салтанатты рәсімде:  

– Қазақстан фашизмді жеңуге теңдесі жоқ үлес қосты. Соғыс жылдарында елімізде 25 әскери құрама, 50 жеке полк пен батальон құрылды. Солардың бірі – бұрынғы Ақмола, қазіргі Астанада жасақталған 459-шы атқыштар дивизиясы (кейін – 29-шы). Жауынгерлердің, сержанттар мен офицерлердің жаппай көрсеткен ерлігіне орай аталмыш құрама 1943 жылғы сәуір айынан бастап 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы деп аталды. Ол 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат етіп,16 ірі су бөгетінен өтті. Дивизия жеңісті жау ордасында қарсы алды. Соғыс жылдарында дивизияның 18 мыңнан астам жауынгері мен офицері ордендермен және медальдармен марапатталды, 31 қаһарман Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Астана қаласының интернационалист-жауынгерлері запастағы генерал-майор Марат Мәрденовтің басшылығымен жерлес майдангерлердің жүріп өткен жауынгерлік жолдарына экспедиция ұйымдастырды. Соның барысында Волгоград қаласының әкімдігі даңқты дивизияның жауынгерлік туының көшірмесін қазақстандықтарға тарту етті. Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салтанатты жағдайда табыс еткен бұл жәдігер Ұлттық ұланның №5573 әскери бөлімінде мәңгі сақталатын болады. Жеңістің 70 жылдығын тойлау аясында биылғы 3 ақпаннан 5 мамырға дейін өткізілетін “Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!” эстафетасының басты атрибуты ретінде 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау қалаларындағы “Орталық” өңірлік командованиенің әскери бөлімдерінде болып, бүгін Қызылжар жеріне жетті, – деді.

Көкшетау қаласындағы №5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жанболат Төлегенов жауынгерлік тудың көшірмесін №6637 әскери бөлімінің командирі, полковник Ақиқат Жұмақановқа салтанатты жағдайда табыс етті.

– Әрбір үшінші солтүстікқазақстандық соғысқа аттанып, жаумен шайқасты. Майдан даласында ерлік көрсеткен 64 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры және “Даңқ” орденінің толық иегерлері болды. Облыс орталығында жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясы 20-дан астам қаланы, 1 мыңдай елді мекенді жаудан тазартуға қатысты. Соғыс жылдарында Петропавлға көшірілген 20 зауыт пен әскери госпитальдардың мамандары жеңісті жақындату үшін аянбай еңбек етті. Майдан даласына тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығымен вагон-вагон азық-түлік пен жылы киім жөнелтілді. Біз майдан-герлерімізді және тыл еңбеккерлерін ардақ тұтамыз, елге оралмаған боздақтарды жүрегімізде мәңгі сақтаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.

Соғыс ардагері Петр Гладков ерлік жайлы жырларын оқыды, ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ұрпақ сабақтастығы аясында ұйымдастырылып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Салтанатты рәсім соңында Ұлттық ұланның №6637 әскери бөлімінің жауынгерлері, Петропавл Әскери институтының курсанттары, полиция қызметкерлері жауынгерлік тудың алдынан сап түзеп өтті, ардагерлер Жеңіс бағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Кеше Ұлттық ұланның №6637 әскери бөлімі жауынгерлік тудың көшірмесін Петропавл Әскери институтына салтанатты жағдайда табыс етті. Ертең, яғни 15 ақпан күні тарихи жәдігер “Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!” эстафетасы аясында Қостанай қаласындағы №6697 әскери бөлімге жол тартады.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp