Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына – 74 жыл. Осы зұлмат жылдары қаншама жауынгер болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлау үшін қасық қаны қалғанша неміс фашистерімен соғысып, қаза тапты. Мысалы, 1940 жылдардың басында Жамбыл ауданының Ортақшыл ауылынан 33 сарбаз қан майданға аттанып, үйлеріне қайта оралмады. Жерлес боздақтардың ерлігін мәңгі есте сақтау үшін бұл елді мекенде ескерткіш орнатылғаны белгілі.
Батырлардың ұрпақтары өздерінің аталарының бет-әлпеттерін де білмейді екен. Себебі, соғыс жылдарында түсірілген суреттер сақталмаған. Осы ауылдан майданға аттанған Сүлеймен Бақтыбаевтың туған-туысқандары биыл жазда оның жерленген зиратын тапты. Марқұмның немересі Нұртай Ортақшыл ауылынан бір уыс топырақ алып, атасының зиратына септі. Жергілікті мұрағаттың деректері бойынша, Сүлеймен Бақтыбаевтың шені кіші сержант болған. Сонымен қатар ол бөлімше басқарған.
– Менің атам 314-ші атқыштар дивизиясында әскери борышын атқарды. 1942 жылы майданнан “қара қағаз” келді. Әкем сол жылдардан бері атамның жерленген жерін іздеуді армандайтын еді. Бүгінде менің ағам Нұртай оның аманатын орындап, Ресей Федерациясының Ленинград облысынан жауынгердің жерленген орнын тапты, – дейді Нұрлыбай Бақтыбаев. Бүгінгі таңда Сүлеймен Бақтыбаевтың 11 немересі және 8 шөбересі бар.
http://petropavltv.kz,
сурет https://surak.baribar.kz сайтынан алынды.