Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыстың алғашқы күнінде мен, Петропавл пединститутының тарих факультетінің студенті, 17 жасар Ғадылша Қаһарманұлы майданға сұрандым.
Ақыры 1942 жылы әскер қатарына шақырылдым. Мен 928-ші атқыштар полкінің құрамындағы танкке қарсы ататын қару взводының командирі болып тағайындалдым. Міндетіміз жаудың танктері мен оқ ату нүктелерін құрту болатын. Біздің жақ шабуылды бірінші болып бастады. Шабуылдың алғашқы сәтінің өзінде-ақ немістер қатты тегеурінге шыдай алмай, шегіне бастады. Кешке қарай бір жырашықтың ішіне келіп тоқтадық. Кенет гүрілдеген мотор дауысы естілді. Бинокльмен қарап едім, қараңғыдан ештеңе айыра алмадым. Күтуден басқа амал қалмады. Алдағы дөңестен бір танкі шыға келді. Ал бұл кезде танкке дейін 100 метрдей жер бар еді. “Брон бұзғышпен атыңдар!”, – деп команда бердім. Снаряд танктің шынжыр табанына тиді де, бір орында айналып тұрып қалды. Оның ішіндегі солдаттар тұтқынға берілді. Кейіннен анықталғандай, олар біздің жылжу тәртібімізді анықтауға жіберілген жаудың барлаушылары екен. Осы айқас үшін мен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталдым.
Ғадылша ҚАҺАРМАНҰЛЫ.
(“Солтүстік Қазақстан” газеті,
7 сәуір 1995 жыл).