«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР 265 РЕТ ЕРЕЖЕ БҰЗДЫ

«Қауіпсіз жол» республикалық жедел-алдын алу шарасы барысында солтүстікқазақстандық полицейлер жолда жүру ережесін бұзудың 1380 дерегін анықтады. Басты міндет – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрескел заң бұзушылықтардың, жол-көлік апаттарының алдын алу.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында елді мекендерде ғана емес, сондай-ақ қала сыртындағы жолдарда да жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылды.

«Нұрсұлтан – Петропавл» автожолының 387 шақырымында Тайынша ауданындағы Сарыбай ауылының маңында патрульдік полиция экипажы жол жиегінде капоты ашылған күйде тұрған ВАЗ (Lada) 2170 автокөлігін байқайды. Бес адам мінген машина Петропавл қаласынан Кішкенекөл ауылына кетіп бара жатқан жолда сынып қалған. Полиция аға лейтенанты Серік Таңқыбаев және полиция кіші лейтенанты Жамбыл Қайыров жолаушыларды машинаға отырғызып, сынған көлікті сүйреп Келлеровка аулындағы техникалық қызмет көрсету орталығына жеткізді.
Ал «Челябі — Новосібір» автожолында Мамлютка ауылының маңында Volvo маркалы жүк көлігі жолдан шығып кетіп, бір жақ бүйірімен қарға кіріп кеткен. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция лейтананты Руслан Ғалиев пен полиция кіші лейтенанты Талғат Тілеужанов Ресей Федерациясының 51 жасар азаматымен шамамен бір жарым сағат бірге болды. Оларға жол қызметінің қызметкерлері мен екі техника көмекке келді. Абырой болғанда, жүргізушіге де, машинаға да айтарлықтай зақым келген жоқ. Нәтижесінде Volvo қалпына келтіріліп, Қорғаннан Петропавлға бет алған ресейлік алғысын жаудыра отыра, сапарын жалғастырды.
Үш күн бойы өткізілген «Қауіпсіз жол» акциясы аясында жол қауіпсіздігін нығайтуға басты назар аударылды. Масаң күйде көлік жүргізудің 18, жылдамдықты асырудың – 132, рөлде келе жатып телефонмен сөйлесудің – 134, қауіпсіздік белдігін тақпаудың 180 дерегі тіркелді. Барлығы 1300-ден астам ереже бұзушылық анықталды. Ал жаяу жүргіншілер тарапынан 265 заң бұзушылық тіркелді.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp