
Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда жергілікті тұрғындардың ірілі-ұсақты мұқтаждарын шешу, арыз-тілектерін айту, тіпті, ақыл-кеңес сұрау үшін баратын бірден-бір орны ауылдық округтер, оның ішінде әкімдер десек, қателеспейміз. Осының өзі жергілікті атқарушы органдардың басшыларынан жан-жақты біліктілік пен білгірлікті, адам жанын түсіне білетін, қайғысына ортақтасып, қуанышын бір кісідей бөлісе алатын сезімталдықты, ерекше бір инабаттылықты қажет етеді. Осы қасиеттерді бойына дарытқан тұлғалар ғана көптің құрметіне бөленеді, сыйлы адамына айналады. Солардың бірі – Тимирязев ауданындағы Хмельницкий ауылдық округінің әкімі Сақыш Өзденбаева.
Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде шаңырақ көтерген ауылда дүниеге келген Сақыш Қаратайқызы Қорған ауыл шаруашылығы академиясында оқыған кезінде ғана болмаса, басқа уақытында туған жерінен бір сүйем де ұзай қоймапты. Негізгі мамандығы – жоғары білімді зоотехник. Еңбек жолын алғашында туған ауылындағы дүкенде сатушы болып бастаған қыз кейін кеңшардағы тауарлы-сүт фермасының бригадирі қызметін табан аудармастан 10 жыл бойы атқарып, 4 жыл сол ферманың меңгерушісі, бас зоотехнигі болған. 1998 жылғы ақпан айынан бері Хмельницкий ауылдық округінің әкімі қызметін үзіліссіз атқарып келеді. Арасында Заң академиясын мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры мамандығы бойынша тамамдап алыпты.
Облыс орталығынан – 294, Тимирязеводан 34 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда 160 отбасы, онда барлығы 547 адам түтін түтетуде. Олардың 23,8 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды, қалғандары – басқа ұлыстардың өкілдері. Округте 51 зейнеткер, 9 мүгедек, 69 оқушы, 22 студент бар. Экономикалық белсенді тұрғындар саны – 309, олардың 252-сі жұмыс істейді, 56-сы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етеді. Өткен жылы 26 адам жұмыспен қамту қызметіне өтініш білдіріп, 25-і жұмысқа орналасыпты.
– Елді мекен торапты су құбырының суын пайдаланады. 2013 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша сомасы 261 млн. теңгеге Хмельницкое ауылына дейінгі 19,2 шақырым су құбыры жаңартылып, су мұнарасы, 500 текше метрлік сыйымдылық, 75,573 млн. теңгеге су құбырларының тарату желілері жөнделіп, көшелерге 16 колонка мен сонша гидрант орнатылды. Сөйтіп, округтегі таза ауызсу мәселесі түбегейлі шешілді. Ауылдағы мектеп, медициналық қосын, пошта сияқты әлеуметтік нысандар, “Сағат-СК” ЖШС-нің өндіріс орындары мен әкімшілік ғимараты бір орталықтан жылытылады, – дейді Сақыш Қаратайқызы.
Әкімдікте жергілікті тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарындағы мал басының көбеюіне баса назар аударылады. Бұл күндері ауылдықтар 402 бас қара мал, оның 207-сі – сиыр, 298 бас жылқы, 403 бас қой-ешкі, 337 бас шошқа, 3380 құс ұстайды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда мал басы – 4-24 пайызға, құс саны 66 пайызға өскен.
Округте шағын және орта бизнесті, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға байланысты мемлекеттік қолдауды барынша пайдалануға арналған үгіт-насихат жұмыстары пәрменді түрде жүргізіледі.
– Біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі – “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” сияқты мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін жергілікті тұрғындарға түсіндіріп, қаржылай қолдауға қол жеткізуіне көмек көрсету, жеке кәсіпкерлікпен өз ісін жандандырып жатқандарды оларға үлгі ету. Сондықтан “Көз – қорқақ, қол – батыр” екендігін таныту үшін “Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де, кетесің” деп, өз бауырларымның жеке кәсіпкерлікпен айналысуына мұрындық болдым, – дейді жергілікті әкім. Сөйтіп, жасынан бауырына басқан інісі Жанболаттың ұлы Бекболаттың “Өзденбаев Б.Ж.” жеке кәсіпкерлігін ұйымдастырып, “Сыбаға” бағдарламасының шапағатын көруіне жағдай жасаған. Бұл күні Бекболат Жанболатұлының қотанында 90 бас қара мал бар, оның 67-сі – сиыр, 20-сы – тайынша, 3-еуі – асылтұқымды бұқа. Ал інісі Жанболат Қаратайұлы “Өзденбаев Ж.Қ.” шаруа қожалығын құрып, “Құлан” бағдарламасы бойынша қол жеткізген 5 млн. кредитке 14 бас жылқы алыпты. Қазір 20 бие мен 2 айғырға иелік етуде.
Әкелі-балалы кәсіпкерлерден ауыл тұрғыны Серік Жөкеев те қалысар емес. “Сыбаға” бағдарламасына орай осыдан үш жыл бұрын Серік Аманжолұлы мал өсірумен айналысатын “Бақыт” шаруа қожалығын құрған екен. Қазір жеке кәсіпкер әулиекөл тұқымды 79 бас қара мал ұстайды, 190 бас жылқысы, 20-30 бас қойы бар.
– Округімізде 7 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың 4-еуі – азық-түлік тауарларын, 2-еуі өндірістік тауарлар сатумен айналысады, 1-еуі ірі қара өсіреді. Ауылда 2 шағын наубайхана, 1 жылыжай шаруашылығы бар. Анар Бірлестікқызы мен Жанболат Қаратайұлы Өскенбаевтар 2012 жылдан бері нан-тоқаш өндіреді және көкөніс өсіреді. Шағын наубайхана бір тәулікте 150 бөлке нан, 100 тоқаш, тапсырысқа қарай бәліш пісіреді. 600 грамдық нан 45 теңгеден асып көрген емес. Оған тұрақтандыру қорының ұны пайдаланылады. Жылыжайдың аумағы – 360 шаршы метр. Ол жылына 7 ай жұмыс істейді. Өткен жылы өндірілген 300 килограмм қызанақ, 500 килограмм қияр, көк пияз, аскөк, жасылша, ақжелкен сияқты өнімдер сауда орындарына шығарылды, – дейді Сақыш Қаратайқызы.
Елді мекенде Хмельницкий орта мектебі, “Айналайын” шағын орталығы, медициналық қосын, ауылдық клуб, 9 мыңға тарта кітап қоры бар (олардың жартысы – мемлекеттік тілде) 2 кітапхана, пошта жұмыс істейді. Ауылдағы сөйлесу қосыны бар сандық станция 130 жеке (оның 13-і – радиотелефон), 6 заңды тұлғаны телефон байланысымен қамтамасыз етеді. Мемлекеттік мекемелердің барлығы Интернетке, 17 отбасы “Мегалайн” желісіне қосылған. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 490 мың теңге қаражатқа орта мектеп аумағына балалардың аулалық алаңы жасалып, 500 мың теңгеге шағын орталық, “Сағат-СК” ЖШС-нің демеушілік көмегімен білім ордасының ғимараты жөнделген. Биыл ауылдық клубты жөндеуге 500 мың теңге бөлініп отыр.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының үшінші бағыты бойынша республикалық бюджет есебінен және “Сағат-СК” ЖШС-нің қосымша қаржыландыруымен жалпы аумағы 210 шаршы метрді құрайтын 3 жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй салынып, өткен жылы пайдалануға беріліпті. Оған жас отбасылар қоныстанған.
– Өткен жылы ауылымызда 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті салық бойынша болжамды тапсырысты 100 пайызға орындадық. Бюджетке 11 млн. 208 мың теңге қаражат түсті, ол алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 888 мың теңгеге артық. Округтің 9 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі баласы бар 5 отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Ауылымыздағы ең өзекті мәселе аудан орталығына дейінгі жолдың нашарлығы, медициналық қосын мен пошта ғимараттарының күрделі жөндеуді қажет ететіндігі болып тұр. Жолдарды ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджет есебінен 100 мың теңге бөлінді, мүмкіндігінше қалыпты жағдайда ұстауға “Сичка М.В.”, “Өзденбаев Б.Ж.” ЖК-лері қаржылай көмек көрсетті, ал “Сағат-СК” ЖШС қардан тазалауға 2 млн. 352,3 мың теңге қаржысын жұмсады. Аудан орталығына дейінгі 34 шақырымды құны 43 млн. теңгелік жаңа әдіспен жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленді. Сергелдеңге салып келе жатқан жолдың да кешіктірілмей шешімін табатындығына сенімдіміз. Округ аумағындағы жалғызілікті адамдарды, зейнеткерлерді отынмен, жемазықпен қамтамасыз ету – өз құзырымыздағы мәселе. Ауылымызда жастардың тұрақтап қалуына, бос уақыттарында көңіл көтерулеріне ерекше назар аударудамыз. Округте ойын-сауық орталығы жұмыс істейді. Оқушылар мен жастардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына барлық жағдай жасалған, – дейді өмірінің ең маңызды 30 жылын мемлекеттік қызметке арнаған Сақыш Өзденбаева.
Иә, 160 отбасылық округте атқарылып жатқан игілікті істерге жергілікті әкімнің білек сыбана кірісіп кететінін, облыс, тіпті, республика көлеміндегі жаңалықтардан, шаралардан шет қалмайтындығын аудан басшылары да ерекше бір ілтипатпен айтады.
Әңгіме барысында Сақыш Қаратайқызының келесі жылы зейнет жасына жететіндігін, мемлекеттің зор қолдауы арқасында жүзеге асырылып жатқан игі істерді жалғастырып кететін білікті ізбасардың күндердің күнінде өз орнына келгендігін қалайтындығын, ауыл тірлігін әрдайым жұдырықтай ғана жүрегінен “өткізіп” отыратындығын байқап қалдық. Алайда, “Ауылдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген” қайраткер әйел осыдан аттай 12 жыл бұрын Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстағы барлық “нәзік жанды” ауылдық округ әкімдерімен бірге “Нива” қызметтік автокөлігіне қол жеткізгенімен, бүгінде тозығы жеткен машинаның құр есепте тұрғаны болмаса, жүрмейтіндігін айтып, шағымданған да жоқ. Қалай десек те, туған жеріне әрдайым бүйрегі бұрып тұратын, өскен ауылының туын жықпауға бар күш-жігерін жұмсап жүрген әкімнің жаяулап-жалпылап, қыруар іс тындырып жүргеніне қайран қалмасқа шара жоқ…
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.