Петропавлдық тәртіп сақшылары мен құтқарушылар шомылуға және демалуға рұқсат етілмеген орындарда рейд жүргізуді жалғастыруда. Олар демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратуда. Ал құқық бұзушыларға ескерту жасалуда.
Күнделікті жүргізілетін рейтердің нәтижесі көрсетіп отырғанындай, күн салқындағанымен, өзен-көлдердің жағаларында демалушылардың қарасы қалың. Әсіресе, Есіл өзені жағалауында жасөспірімдер көп. Бұл ретте полиция қызметкерлерінің алдына қойылған басты мақсат – қайғылы оқиғалардың алдын алу. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары су маныңда қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, маскүнемдікпен күрес жұмыстарын жүргізеді.
Жаздың басынан бері полиция қызметкерлері жағажай аумағында ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргендігі үшін 15 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Шомылу маусымы басталғалы ереже бұзудың 50-ден астам фактісі анықталды. Петропавл қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Мырзагелді Иманбаевтың айтуынша, тыйым салынған орында суға түскен жағдайда демалушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Оларға ескерту жасалып, айыппұл салынады.
Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың шомылуға рұқсат етілмеген орындарды тексеруге бағытталған бірлескен рейдтері суға түсу маусымының соңына дейін жалғаспақ.
http://petropavltv.kz