Грузия мен Қазақстан құрамалары арасындағы америка футболынан өткен жолдастық кездесудің соңы төбелеске ұласты.
Грузияның Тбилиси қаласындағы бұл кездесуде отандастарымыз 22:12 есебімен жеңіске жетіп жатқан болатын. Алайда, матч бітпей жатып қос команданың ойыншылары жаға жыртысты. Белгілі болғандай, қазақстандық спортшы қарсыласын соғып, жерге құлатқан. Бір-бірін жағадан алған ойыншыларды ажырату кезінде 33-ші нөмірлі ойыншының бетіне қарсыласының дулығасы тиіп кетеді. Осыдан кейін шиеленіс жаппай төбелеске ұласады. Қарсылас командадан зардап шеккен спортшы бірден ауруханаға жеткізілді.
Орын алған оқиғаға байланысты жүргізілген тексерістің нәтижесінде бірнеше ойыншы жазаланды. Ал төбелесті бастаған ойыншыларға америка футболымен айналысуға тыйым салынуы мүмкін.