Теңгенің еркіндікке жіберілуіне байланысты «Фармация» акционерлік қоғамының төрағасы Рашид НАДИРОВПЕН жедел сұхбат жүргізген едік.
– Рашид Надирұлы, Үкімет пен Ұлттық банктің теңге бағамын еркін айналымға жіберу жөніндегі шешімін жұртшылық әрқилы қабылдап отыр. Бұл жөнінде сіз не айтар едіңіз?
– Ұлттық банктің жергілікті филиалы мамандарымен хабарласқанымда сатып алу-сату бағамын негізсіз ауыстыру фактілері тіркелмегенін, сатылымда доллардың жеткілікті қоры барын мәлімдеді. Меніңше, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп, жаңа ақша-несие саясатының бірқалыпты, кезең-кезеңмен іске асса, қобалжуға, дүрлігуге еш негіз жоқ.
Тығырықтан шығу жолдарын Үкімет пен жергілікті билік органдары талмай қарастырулары қажет. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік тағамдары мен қызмет бағасының негізсіз көтерілмеуі, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қамқорлықтың күшейтілуі шарт. Атаулы көмектер беру, арнайы штабтар құру бірлескен мораторийлер қабылдау тәжірибелерін кеңінен пайдалану керек.
Теңге бағамының еркін қозғалыс режіміне амалсыз көшсек те, бұл процеске ұзақ уақыт дайындық шаралары экономикамызды әлсіретпейді, халықтың тұрмысын төмендетпейді деген сенімдерге жетелейді.
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
«Солтүстік Қазақстан».