«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЖАҒДАЙ ЖАСАЛСА, АУЫЛДАН ЕШКІМ КЕТПЕЙДІ»

Мамлют ауданында Бике деп аталатын ауылдық округ бар. Құрамындағы елді мекендер көзден тасада жатыр. Арнайы іздеп барып таныспасаң, ауылдың ахуалы жайлы көп айтыла бермейді. Округ тұрғындары қалай өмір сүріп жатқанын білу үшін әкімі Анаргүл Бакееваны ашық әңгімеге тарттық.

– Анаргүл Нұрғалиқызы, әңгімемізді Бике ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Қалаға көшіп жатқандар көп пе?

– Бике ауылдық округінің құрамында үш ауыл бар. Олар – Бике, Октябрь және Дачное. Бике ауылында 88 үй, Октябрьда 5, Дачное елді мекенінде 6 отбасы қалды. Ауылдық округте 1999 жылы 1286 адам болса, 2000 жылдардан бастап халық үдере көшіп, көп кеміп қалды. Бұл – ауылдың басына төнген қара бұлт болды ғой. «Ауылдан неге көштің?» деп ешкімді сөге алмаймыз. Қазіргі таңда округте 339 адам тұрып жатыр.

Соңғы жылдары ауылдағы ахуал туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ішкі миграция, әсіресе ауылдан қалаға көшу мәселесі өте өзекті. Бұл көш тұрақтамайынша ауылды өркендету мүмкін емес. Менің ойымша, ауылды сақтау үшін тұрғындар шаруасын дөңгелетіп әкететін жүйе қалыптастыру керек. Ауылдағы ағайынға жағдай жасалса, қалаға жалтақтамас еді. Табысы қомақты, басында баспанасы, астында көлігі, алдында малы, қасында жаны түгел болса, қалаға көшсем деген ой туындамайды деп ойлаймын.

– Октябрь мен Дачное ауылдарында санаулы үй қалыпты. Бұл елді мекендер болашағы жоқ ауылдардың тізіміне енді ме?

– Октябрь мен Дачное – кезінде 60-тан астам шаңырақ түтін түтеткен елді мекендер. Октябрь ауылында 9 жылдық мектеп, медициналық пункт, балабақша, дүкен, клуб болды, өрісінде мыңнан астам қара мал, бір үйір жылқы бағылды. Қазіргі күні ауылда «Темірбеков» деген бір шаруашылық қана жұмыс істеп тұр. 2011 жылы тұрғындары азайған соң әлеуметтік нысандар басқа жаққа көшіріле бастады. Мектеп жабылып, оқушылар округ орталығында білім алуда. Сол кезде тұрғындар да қалаға үдере көшті. Дачное ауылының жағдайы да Октябрьден кем емес-тін. Қазір тағдырлары бір. «Петров» шаруа қожалығының иесі Василий Петров ауылға қамқорлық жасап отыр. Бірақ елді мекенде ауызсу жоқ, сырттан тасымалданады. Бұл жұмысты да кәсіпкер ұйымдастырып отыр. Октябрь мен Дачное ауылдары таза ауызсумен қамтылатынын айта кеткен жөн, биыл тұрғындары аз ауылдарға кешенді блок модульдер орнату көзделген. Сонымен қатар Дачное ауылында үш жыл бұрын «Золотое руно Дачное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылып, қой шаруашылығын дамытуда. Мыңнан астам қой өсіріп жатыр.

Дегенмен тұрғындар саны 50-ден аз ауылдарды жабу туралы қаулыға сәйкес екі елді мекен де картадан сызылатын 45 ауылдың тізіміне енді. Құжатта көрсетілгендей, бұл – ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік беретін шара. Әрі аймақтағы ірі елді мекендер халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешім. Себебі санаулы үй қалған ауылдарды сақтау да, дамыту да, тұрғындарды ұстап тұру да қиын. Ол жерге енді ешкім көшіп бармасы анық.

– Бір кездері тіршілігі қайнап жатқан ауылдардың қазір болашағы бұлыңғыр. Бұл қара бұлт округ орталығының басына келуі мүмкін бе? Қандай әлеуметтік нысандар сақталған?

– Бике ауылында орта мектеп бар. Мектеп жанында «Қуаныш» шағын орталығы, Мәдениет үйі, ауылдық кітапхана, әкімшілік, медициналық пункт және дүкен жұмыс істеп тұр. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту үшін резервуар орнатылған.

– Ауылда бос тұрған ғимаратты көрдім. Оны кәдеге жаратуға болмай ма?

– Бос тұрған ғимарат жөндеуден өткізіліп, бір бөлігінде дүкен ашылмақ. Ал екінші бөлігінде дәмхана ашу жоспарланған.

– Ауылдық округте қандай мамандар тапшы?

– Қазіргі таңда ауылға механизаторлар және мектепке медицина қызметкері қажет.

– Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған ба?

– Округ тұрғындарының 0,2 пайызы – мемлекеттік қызметшілер, 4,1 пайызы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. 18,3 пайызы – білім беру мен денсаулық салаларының өкілдері, кәсіпкерлердің үлесі – 1,2 пайыз. Округте жұмыссыз жүргендер жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар округ тұрғындарының 24,2 пайызын құрайды.

– Округ аумағындағы жұмыс істеп жатқан агроқұрылымдар, жеке кәсіпкерлер ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмек қолын соза ма?

– Округте 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 8 фермерлік шаруашылық бар. Олар негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік қой өсіріп отырғанын айттым. Олар кейбір мәселелерді шешуге қол ұштарын созады. Мәселен, ауылішілік жолдарды қысқы-күзгі уақыттарда күтіп ұстауға, мәдени іс-шараларға қаражат бөледі, көктем-күз уақытында тұрғындарды жұмыспен қамтиды, жалғыз тұратын қарттарға көмектерін көрсетіп отырады.

– Тұрғындар арасында мемлекет ұсынып отырған бағдарламалардың игілігін көргендер бар ма?

– 2021-2024 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 4 адам мал шаруашылығымен айналысу үшін грант алды.

– Ауылда мал ұстайтындар бар екен. Жайылымнан тапшылық жоқ па?

– 2023-2024 жылдары округ қарамағындағы жайылым жер 193,6 гектарға ұлғайды. Жалпы 9113 гектар жайылым бар.

– Осы округті соңғы төрт жыл басқарып келе жатқан әкім ретінде қарамағыңыздағы ауылдардың жағдайына қандай баға берер едіңіз?

– Бике ауылдық округінің тұрмыс-тіршілігі жылдан жылға жақсарып келеді. Округіміздегі басты мәселе – жол болатын. 2024 жылы ауылға дейінгі 9 шақырым аудандық маңызы бар жолға орташа жөндеу жүргізіліп, қалыңдығы 5 см. асфальт төселді.

2023 жылы су тарату желісі салынып, қазіргі күні Бике ауылының әр үйіне дейін тартылып, ауызсумен толық қамтамасыз етілді. 2022-2023 жылдары 17 бейнекамера орнатылды, биылғы жылы тағы да үшеуін орнатуды жоспарлап отырмыз. 2021 жылы ауылдарды ұялы байланыспен қамту үшін құрастырмалы-жиналмалы жабдық орнатылды. Осының нәтижесінде тұрғындар сапалы ұялы байланыспен қамтылды. 2021 жылдан бері әкімдік, мектеп және медициналық пункт кең жолақты интернетті пайдаланып келеді. Округ құрамындағы елді мекендердің көшелері толық жарықтандырылған. Былтыр Бике ауылында бірнеше көше шамдарын, кейбір тұстарда сымдарын ауыстырдық. Бұл – көшенің ұдайы жарық болып тұруы үшін жасалатын ағымдағы жұмыстар.

Былтырдан бері Бике ауылындағы екі қабатты Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 274 066 678 теңге. Былтыр оның 169 млн.теңгесі игерілді. Биыл ауылымыздағы орта мектепке де жөндеу жұмыстары жүргізіле ме деп үміттеніп отырмыз. Жобалық-сметалық құжат бар, сараптамадан өтті. Жоба құны – 278 млн. теңге.

– Ауылдық округті дамытуға қатысты биылғы жоспарларыңыз қандай?

– Ауылдық округті абаттандыруға 470 мың теңге бөлінді. Ауылішілік жолдарды тегістеуге 333 мың теңге қарастырылған. Ауылдардың көшелерін қардан аршу, заңсыз қоқыс орындарын жоюға да тиісті қаржы бөлінді. Жоғарыда айтып өткенімдей, Дачное мен Октябрь ауылдарына суды тазартатын кешенді блок модуль алу көзделген. Биыл Бике ауылында 70 қарағай көшеті отырғызылды.

– Сіздерге әр жылдары оңтүстік өңірден бірнеше отбасы көшіп келіп еді. Қазір олар осында тұрып жатыр ма?

– Ауылдық округ аумағына әр жылдары «Солтүстіктен – Оңтүстікке» бағдарламасы бойынша бірнеше отбасы келген. Бірақ 2016-2017 жылдары көшіп келгендер қайтадан кетіп қалды. Ал 2022-2024 жылдар аралығында 11 отбасы көшіп келді. Қазіргі таңда санаулы отбасы ғана тұрып жатыр.

– Ауылда жастар бар ма?

– Округ тұрғындарының дені – орта жастағылар. Жас дейтіндей жас жоқ. Мысалы, округте тұрып жатқан 339 адамның 14,5 пайызы – зейнеткерлер. Сонымен қатар 53 оқушы, 13 студент бар, 6 жасқа дейінгі балалар саны – 37. Бір сөзбен айтқанда ауыл жастары деп оқушылар мен мектепке келген жас мамандарды ғана айтуға болатын шығар.

– Бике ауылына тарихи атауын қайтарар кезде қиындықтар туындаған жоқ па?

– 2021 жылы халықтың қолдауымен Ленин ауылына Бике атауы берілді. Ауылымыздағы ақсақалдардың айтуынша, Керейден тараған Өлтізер атамыздың бәйбішесінің есімі – Бике. Өлтізер табиғатынан жуас, ақылды, батыр адам болыпты. Әжеміз Бике шешендігімен көзге түскен, ру ішінде сыйлы, елге билік жүргізген екен. Сондықтан ауылымызды, туған жерді «Бике» ауылы деп атаған.

– Биыл әкімдік қызметіңіздің мерзімі аяқтала ма?

– Иә, биыл әкімдік қызметім аяқталады. Бұл қызметті 2021 жылдың 27 шілдесінен бері атқарып келемін. Келесі сайлауға қатыспаймын.

– Неге?

– Денсаулығыма байланысты сайлауға қатысудан бас тарттым.

– Әкім болып сайланғанға дейін қай салада еңбек етіп едіңіз?

– Мен осы ауылдық округ әкімдігінде іс қағаздарын жүргізу бойынша бас маман болдым.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp