«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҒДАЙ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жіберілген су Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл және Қаратал ауылдарына қауіп төндірген болатын. Бүгіндері аталмыш елді мекендердегі жағдай тұрақты. Ауыл тұрғындары облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерімен бірге бөгендер тұрғызып жатыр. Қаратал ауылының жиырмаға жуық тұрғыны тікұшақтың көмегімен Қулыкөл ауылындағы эвакуациялық бекетке жеткізілгенін де айтып өткен жөн.

Төтенше жағдайды облыс әкімі Құмар Ақсақалов тікелей өз бақылауына алған. Үш күннен бері Уәлиханов ауданында жүрген өңір басшысы Қулыкөл ауылында облыстық су тасқынына қарсы күрес штабының отырысын өткізді.
– Тұрғын үйлерді су басудан сақтап, жұртшылықтың зардап шекпеуі үшін барлық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Судың толассыз келуіне қарамастан, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Кешеден бері судың сәл төмендегені байқалуда. Бүгінгі күні екі ауылдың тұрғындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімінің айтуынша, үш күннің ішінде Сілеті су қоймасынан 154 млн. текше метр ағын су келген. 2015 жылғы су тасқыны кезінде бұл көрсеткіш 330 млн. текше метр болды. Қазіргі уақытта тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, мал-мүлкіне қауіп төніп тұрған жоқ.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта ауылдарда су сорғылау жұмыстары мен қорғаныс үйінділерін нығайту шаралары жүргізілуде. Еліміздің Нұр-Сұлтан қаласынан және Павлодар облысынан да құтқарушылар көмекке келді. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік атқарылуда.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp