
Есіл ауданының Бұлақ ауылындағы радиациялық жағдай қалыпты. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасалды.
Аптаның басында өңір басшысы, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қабылдауында болған аталмыш ауылдың тұрғыны Болат Бейсенбаев соңғы жылдары елді мекенде өлім-жітімнің көбейіп кеткеніне шағымданған еді. Тұрғындар мұндай жағдайдың орын алуына ауыл маңындағы кен орнында алтын өндіріп жатқан “Әулие Голд Майнинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кінәлі деп санайды. Бұлақтықтар қазба жұмыстарының кесірінен жергілікті жерде экологиялық ахуал күрт төмендеп кетті деген пікірде. Олар сол сияқты жаз бойы белгісіз біреулердің ауылдың іргесінен заңсыз түрде қиыршықтас өндіргендеріне де наразы. Өңір басшысы қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген мәселені ауыл тұрғындарының қатысуымен егжей-тегжейлі тексеруді тапсырған болатын.
Баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов кен орнының тұрғындардың ауырып-сырқауына ешқандай қатысы жоқ деген ойын білдірді. Бұл туралы толығырақ газетіміздің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.