Ел үшін қызмет етіп, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген Есімовтер отбасын жастарға үлгі етіп айтуға әбден болады. Құқық қорғау саласындағы әулеттің еңбек өтілі 50 жылдан асты.
Отағасы Болат Ғафизұлы бірнеше жыл қатарынан ішкі істер департаментінде, Есіл, Қызылжар аудандарының көші-қон полициясында қызмет атқарған. Өз ісіне қашанда асқан жауапкершілікпен қарауды басты міндеті санаған азамат күрделі саланың қиындығы мол болғанын жасырмайды.
– Бала кезімнен әскери салада қызмет етуді арман еттім. Алдыма қойған мақсатыма қол жеткізу үшін өзімді темірдей тәртіпке үйретіп, заман талабына сай білімді, білікті болуға ұмтылдым. Әрине, еңбек жолымда қиын кездер де болды. Бірақ тәуелсіз ел полицейлері жан-жақты мықты болуы керек деп ойлаймын, – дейді қиыны мен қызығы бірге жүретін салаға саналы ғұмырын арнаған отставкадағы полиция майоры.
Өткен ғасырдың орта кезінде немере ағасы Ғазиз Есімов Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін бірден осы салаға қызметке тұрған. Саябақтағы қоғамдық тыныштықты күзетіп жүргенде пышақпен қаруланған қылмыскермен күреске түскен. Сол оқиғаны отағасы жиі-жиі еске алып, Ғазиз Есімовтің батылдығын балаларына үлгі етіп үнемі айтып отырады екен.
– Ол кезде әкемнің інісі 24 жаста болған. Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, қылмыскерден қаймықпай оған тап берген. Бұл үлкен қайсарлық деп ойлаймын. Әрдайым қырағылықты талап ететін осындай жауапты саланы кенже балам Бахтиярдың таңдап алғаны да – мен үшін мерей. Жастар отбасында жақсы тәрбие алып, ата-анасының жолын жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! – дейді зейнеткер.
Әкесіне асқар таудай қарап, оның сөзін екі етпей, істеген ісінен, сөйлеген сөзінен үлгі алып ержеткен отағасының кенже баласы Бахтияр Петропавл қаласының ішкі істер басқармасында тергеу бөліміне жетекшілік етеді.
– “Қазақта тегіне тартқан” деген сөз бар. Мен әке жолын жалғастыру туралы шешім қабылдағанда өзіме қандай үлкен жауапкершілік артып отырғанымды сезіндім. Сондықтан да болар, оның атына дақ түсірмеу үшін барымды салып, еңбектеніп, қандай жағдай болсын сабырлық пен ұстамдылық танытамын. Мінезім қарапайым болғанымен, керек кезінде қайратты болуға үйрендім. Әкеміз әрдайым “Ұлық болсаң, кішік бол” деген ұлағатты сөзді айтып, үлкенге құрметпен қарап, кішіге қамқорлық көрсетуді бала жасымыздан санамызға ұялатып өсірді. Қазақтың ұлттық салтдәстүрінен сусындатып, өмір өзенінде толқыған ағыстарға қарсы тұруға, шыншыл, шымыр болу жолында бағыт-бағдар көрсеткен ата-анамызға дән ризамыз.
Бүгінде үйленіп, зайыбым Анармен бірге ұл тәрбиелеп отырмыз. Ендігі кезекте әкелік парызымды өтеп, ұлымды жақсы азамат етіп өсіруді өз міндетім санаймын, – дейді Бахтияр Болатұлы.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің
аға инспекторы.