
Адал перзент туған жер тағдырынан тыс тұра алмайды. Жатса да, тұрса да соның қамын жеп, қуанышына ортақтасып, қиындығын жүрегінен өткізеді. Бүкіл ғұмыры туған ауданында өткен Рақым Бисаринді осындай азаматтардың шоғырына қосуға болады. Абзал жан көзі тірісінде ауылымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, халқына қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білді.
Жамбыл ауданы Есперлі ауылының жұртшылығы ұлағатты ұстаз, үлкен жүректі абзал жан Рақым Бисаринді мақтан тұтады. Ұлы Отан соғысынан кейін дүниеге келген ол жастайынан түрлі қиындықтарды көріп өсті. Бозбала шағында еңбекке араласып, бес жылдың ішінде диқандар арасында үздік тракторшы атанады. Бірақ уақыт өте келе Рақым ағай жоғары білім алып, өз өмірін ұстаздықпен байланыстыруды жөн санайды. Сөйтіп, өткен ғасырдың 70-ші жылдары С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, білім нәрінен сусындайды. Сабақ берген ұстаздарын ерекше ілтипатпен еске алып: “Ұстаздар қай жағынан болса да өздерінің бар болмыс-тұлғасымен биік тұратын. Білімге сусап барған біздер соларға еріксіз еліктедік. Жатпай-тұрмай оқыдық. Ұстаздарымызға қарап бой түзедік. Одан біз еш кем болған жоқпыз”, – деп жылы жымиып айтқан әңгімесі есімізде қалыпты.
Рақым Бисарин, шын мәнінде, ұстаз деген атқа әбден лайық адам еді. Оқу орнын бітіріп келген маман алғашқыда Жамбыл ауылының мектебінде қызмет етті, 1985 жылы Есперлі орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Ол өзіне жүктелген жауапкершілігі мол жаңа қызметті абыроймен атқара білді. Орта мектепті білікті кадрлармен толықтыруды қолға алды. Заман қиыншылықтарына қарамастан, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш жұмсады. Білікті басшыларға, қолынан іс келетін мамандарға зәру аудандық оқу бөлімі Рақым Рамазанұлының жұмысын жоғары бағалап, оны өзге әріптестері де жақсы қырынан тани түсті. Оқушыларды былай қойғанда, тіпті, мұғалімдердің өздері ол кісі келе жатқанда бас киімдерін шешіп сәлемдесетін.
Рақым Бисарин ауыл мектебін аудандағы үздік білім ошақтарының қатарына қосуда алдына жан салмай еңбек етті. Осы іске айналасындағыларды да ұйымшылдықпен жұмылдыра білді. Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі кезінде қазақ тілінің жағдайы мүшкіл болатын. Ұлттық тәлім-тәрбие беретін мектептер жабылып, олардың орнына жаппай орыс тіліндегі білім ошақтары салына бастады. Қазақ ағайындар қалың орналасқан көрші ауылдардың өзінде ана тілімізде сабақ беретін мектептер бірінен соң бірі жабылып жатты. Сол тұста Рақым ағай ұлт болашағын ойлап, балалардың өзге тілде шүлдірлеп жүргенін намыс көріп, орыс мектебін қазақшаға аударуға атсалысты. Сөйтіп, 1987 жылы ауылымыздағы білім ошағы қазақ тілінде сабақ беретін болды. Осы күнге дейін білікті басшының бұл қарекетін ауыл тұрғындары мақтан етеді. Ұлағатты ұстаз басқарған орта мектеп өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бүкіл аудан бойынша білім додаларында жетістіктерімен көзге түскен еді.
Білім ордасынан талай түлек ұшқанын мақтанышпен ауызға аламыз. Солардың бірі – генерал-майор Қалиақпар Тоқышев. Ол әскери салада қызмет еткен жылдары туған ауылымен байланысын үзбей, ауыл азаматтарының іргелі оқу орындарында білім алуына септігін тигізді. Рақым Бисариннің ізімен ұстаздық етуге бел буған жастардың да қарасы қалың. Қазақ мектебін тамамдағандардың ішінде ақын, дәрігер, ел қорғар әскери қызметші, ауыл шаруашылығы маманы атанған жерлестеріміз еліміздің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Мектеп әлі күнге дейін ауылдың негізгі рухани ошағы іспеттес. Рақым ағаның салып кеткен жолымен жүріп келе жатқан ұжым түрлі білім сайыстарында ауылымыздың атын шығарып, биік белестерді бағындыруда.
Рақым Рамазанұлының бойында әншілік, ақындық өнер де болатұғын. Ауылымыздың ақсақалдары оның той-томалақтарда домбыра тартып, ән салғанын айтып жүреді. “Таланттарды іздейміз” республикалық фестивалінде Рақым Бисариннің орындауындағы “Назқоңыр” әнін қазақстандықтар жылы қабылдады. Кейін бұл туынды “Қазақтың 100 әні” жинағына енді. Ұлтжанды азамат ретінде жерлесіміз қазақтың ескі салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жинастыруда көп еңбек етті. Жастайынан санасына түйгені мен өмір бойы жинақтаған мол тәжірибесін ел мүддесі үшін тиімді пайдаға асырып, қазақ тілінің дамуына, ұлтымыздың болмысын, тарихын қайта жандандыруға үлкен үлес қосқан Рақым Рамазанұлының балалары да әкесінің ізін жалғап, абыройлы қызмет атқаруда.
Гүлнәр АМАНГЕЛДИНА, ұстаз.
Жамбыл ауданы.