«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ

1937 жылы әкем “Халық жауы” деген жаламен ұсталып кетті. Сол кезде бізге әкемнің Андреевка ауылында тұратын Борис Несин деген ұлты орыс тамыры көп көмектесті. Әлі күнге дейін сол кісінің бізге жасаған жақсылығы есіме түссе, көңілім босайды.

Өз ауылымызда мектеп бастауыш болғандықтан, 5-7-сыныптарды 30 шақырым жердегі көрші елді мекеннің мектебінде, интернатта тұрып оқыдым. Ол кезде азық-түлік қат, аш-құрсақ болып жүретінбіз. Екі аптада бір рет жаяулап-жалпылап үйге келіп, нан алып кетемін. Бұғанасы қатпаған балаға 30 шақырым жолды еш жерде тынықпастан жүріп өту ауыр ғой. Біздің ауылдан 7-8 шақырым жерде орналасқан Андреевкадағы Бористің үйіне барамын. Менің келе жатқанымды анадайдан көрген Бористің зайыбы: “Мағаздың баласы келе жатыр!” – деп дауыстап, үйіне қарай елпеңдеп жүгіре жөнелетін. Бар жылы-жұмсағын менің алдыма тосып, тойдырып жіберетін. “Әкең өлсе де, көзін көргендер өлмесін” деген сөз бекер айтылмаған екен. Борис “Халық жауы” атанып кеткен досы Мағазбен достығын дүниеден озғанға дейін балаларына көмектесу арқылы сақтады. Осындай бауырластықты өмір бойы қастер тұтып келемін.

Кейін Мәскеуге барып Жоғары партия мектебінде оқыдым. Сол кезде Кабардино-Балкарияда тұратын балқарлық Қуаныш Адемеев деген жігітпен танысып, ол мені қонаққа шақырды. Қуаныштың ата-анасы Жамбыл облысына жер аударылып, сонда біраз жыл тұрғаннан кейін өз Отанына көшіп кеткен екен. Елге келгеннен кейін бір досымды ертіп Кабардино-Балкарияға жол тарттым. Әсем табиғатын тамашалап жүргенде сауда-саттық жасап тұрған жергілікті халық біздің Қазақстаннан келгенімізді естігенде: “Қазақ халқы болмаса, біздің ұлт ретінде сақталып қалуымыз екіталай еді”,– десіп бастарын иіп, алғыстарын жаудырды. Сол сапарымда ауыр машина жасау зауытының директоры Владимир деген жігітпен таныстым. Оның айтқандарын көзіңе жас алмай тыңдау мүмкін емес. Ата-анасын Қазақстанның Жамбыл облысына жер аударғанда Владимир құндақтаулы бала екен. Бір қазақ отбасы қарсы алып, қолында барымен бөліскен. Қайғыдан әрі жол азабын тартқан анасынан сүт шықпай қалғанда шырылдаған баланы үй иесінің әйелі емізіпті. “Ата-анамның айтуынша, ол қазақтардың да менімен шамалас баласы болыпты. Алайда, қазақ әйелі алдымен мені емізіп, содан кейін баласын құшағына алады екен”, – дейді Владимир.

Жадымызды жаңғырта отырып, қиын-қыстау заманда сүйеу, тіреу болған этностардың бір-біріне алғыс айтуының артықтығы жоқ. Бұл да сыйластықтың бір белгісі.

Болат САҒЫНДЫҚОВ,

“Память” қоғамдық қорының төрағасы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp