Облыстық волонтерлер клубының мүшелері көмекке зәру жандарға қол ұшын созуда. Жуырда қайырымды жандар көпбалалы отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды табыс етті.
Ерікті жастар көпбалалы, жалғызбасты және тұрмысы төмен отбасыларды қажетті азық-түлікпен, медициналық бетпердемен қамтамасыз ету мақсатында қайырымдылық істерді жандандыра түсті. Бұл туралы облыстық волонтерлер клубының төрайымы Лилия Гизатулина айтып берді.
– Бүгінге дейін облысымыздағы 71 отбасыға 500 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Ел бойынша жүріп жатқан “Biz birgemiz!” акциясына оқу орындарының студенттері белсене қатысуда. Мәселен, жоғары медициналық колледжде білім алатын Александра Отт жалғызбасты қарияларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Ал түрлі спорттық, халықаралық шаралардың қатысушысы Айгүл Ескенеева “Жақсылықта жарысайық!” атты акция шеңберінде жастардың басын біріктірді. Белсенді ұл-қыздар аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізіп берді.
Сондай-ақ, волонтерлер жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіннің еміне қажетті 100 мың теңге жинап берген. Жарқын іске жұмылған жастар алдағы уақытта тағы 50 отбасыға көмек қолын созуды жоспарлап отыр.