Адамның адамшылығы бір-біріне қайтарымсыз жақсылық жасауымен танылады емес пе? Ал қиналғанға демеу, тарыққанға жебеу болу халқымыздың қанында әу бастан бар қасиет. Қиын-қыстау заманда қазақ жерінен пана тапқан, ұлтымыздың мейірім-шапағаты мен қонақжайлылығына тәнті болған сан түрлі этнос өкілі жыл сайын Алғыс айту күнінде жергілікті халыққа ризашылығын білдіруді дәстүрге айналдырған. Қалалық Мәдениет үйінде жаймашуақ көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген осы мереке мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына орайластырылған салтанатты шарада қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты нығайтуды мақсат тұтқан, бірлік пен татулықты ту етіп, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің басын қосып, ата-бабалары кешкен тарихи сәттерді тебірене еске алды.

Достық пен бірлікті ту еткен шара көптеген этностар елге күштеп қоныстандырылған кезде қазақтардың қонақжайлылық танытқаны сахналанған театрландырылған қойылымнан басталды. Өзге этнос өкілдері сомдаған көріністен көз алдына сол кезеңде жергілікті жұрттың оларға қамқорлық көрсеткені, елдің жағдайы ауыр болғанына қарамастан, қолдағы барын аямай, бөліп бергені көрермен көзіне жас алғызып, қазақ халқына тағы бір мәрте алғыс айтқызды.

Шарада сөз алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин жиналғандарды біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, өткенге салауат пен болашаққа деген үміттің мерекесіне айналған салтанатты күнмен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
