Облыстық жастар бастамалары орталығының мамандары өңірімізде осымен жетінші рет жүзеге асырылып отырған “Ізгілік аптасы” акциясының шеңберінде көмекке зәру өрендерге қуанышты көңілкүй сыйлады. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда тұратын мүмкіндігі шектеулі жиырма жеткіншекті Петропавлдағы бірқатар көрікті орындармен таныстырды. Қамкөңіл бүлдіршіндер Қызылжардағы “Абылай хан резиденциясы”, тарихи-өлкетану, бейнелеу өнері мұражайларын және ботаникалық бақты аралап, алған әсерлерімен бөлісті. Жеткіншектердің бір күндерінің әсерлі де қызықты өтуіне септескен өңіріміздің белсенді жастары аталмыш акцияның алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
***
Петропавлдағы Тәуелсіздік стеласының жанында “OPEN AIR” атты өнер фестивалі өтіп, шараға өңіріміздің жүз елуге жуық өрені қатысты. Есімдері облысымызға кеңінен танымал әншілер мен бишілерден құралған “MotionForse”, “96 clan” топтарынан өзге М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өнерпаз студенттерінен тұратын көңілді тапқырлар клубының әзілкештері ұсынған уытты қалжыңдар, көңілді әуендер және ырғақты билер тыңдармандарды әдемі әсерге бөледі.
***
Жыл сайын 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық аймақтарында өткізілетін “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы аясында облыстық жастар бастамалары орталығы қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері Петропавлда тұратын Литвиновтар отбасында болып, бүлдіршіндерге сыйлық жасады. Таисия Андреевна – төрт баланы жалғыз өзі асырап отырған жалғызбасты ана. Тұңғышы – Ева биыл қаладағы №10 мектепке төртінші сыныпқа барады. Кішкентайы әлі бір жасқа толмаған ол жақсылыққа жаны құштар жастардың бұл ісіне риза болып, алғысын жеткізді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.