«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕГЕН ТЫҢ ОЙЛАР

“Екі дәуір түйіскен өлара шақ” деп айқын көрсеткен Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы пікірлері біздің ұрпақтың мүлде жаңа, тіпті, тосын талаптар қойып отырған заманда өмір сүріп отырғанымызды есімізге салып, бойымызға тың қуат, соны серпін бергендей әсер етті. Ширек ғасырдан аса мерзім Тәуелсіздігімізді тиянақтап, бар-жоғымызды түгендеген кезде Президентіміздің: “… Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр”, – деген байламын әрқайсымыз өзімізге берілген тапсырма деп түсінуге тиіспіз.

Жүз ойланып, мың толғанып айтылған бұл пікірлердің ішінен отандастарымыздың әрқайсысы-ақ, өзіне қажеттісін табады деп ойлаймын. Жаңа заман, жаңа тарихи кезеңге сай жаңа талаптар бой көрсетеді. Солардың бірі – біздің қазақстандық бірегейлігіміз. Тағдырдың жазуымен, тұрмыстың бұйрығымен әртүрлі ұлт перзенттеріне атамекен болған Солтүстік Қазақстан аумағында Президент бастап отырған “Туған жер” бағдарламасы туралы толғандым.

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жалған үгітпен ғана емес, туған елдің әр өлкесін, тоғайы мен көлін, ауылы мен жайлауын танып, сыйлап, құрмет етумен баянды болмақ. Айтпағым, біздің тарапымыздан бұл бағытта басталған біраз істер де бар. Осыдан екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстанның тарихи топонимикасын зерттеп, “Атамекен атаулары” деген монография шығардық. Таралымы аз болғаны ғана өкінішті, бұл еңбек республикада жоғары бағаланды. Ал былтыр Зарқын Тайшыбай, Ақмарал Ыбыраева үшеуміздің авторлығымызбен жарық көрген “Солтүстік Қазақстан облысы: тарих және тағылым” деген ұжымдық монографиямыз да осы “Туған жер” идеясына толық сай келеді. Бұл бағыттағы жұмысымыз нақты жалғасын табады деп сендіре аламын.

Екінші айтпағым, Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынып отырған “100 жаңа есім” бастамасы да аса қастерлі. Қазірдің өзінде біздің мұрағаттың ұжымы өзара ақылдасып, облысымыздағы ардақты азаматтар галереясын жасауды ұйғарып отырмыз. Оқу орындарының, зиялы қауымның қолдауымен “Солтүстікқазақстандық қымбатты 100 есім” тақырыбын биыл жыл аяғына дейін аяқтамақпыз.

Президент әрбір қазақстандықтың “Бәсекелік қабілеті” туралы өте дұрыс айтты. Қарап отырсақ, бүкіл адамзат қоғамының мыңдаған жылдық тарихы “бәсекелік қабілеттің” деңгейлеріне қарай өлшенеді ғой. Бұрын да, осы күні де алға кетті деген жеке адамдар, ұжымдар, ұлттар мен елдер несімен озық дегенде, басқамен бәсекеден қалай шыққанын байқаймыз. Ендеше, әркім өз орнында бәсекеден ұтылмаса екен деп тілеймін. Тілеп қана қоймай, бойымыздағы бар білім мен тәжірибені, күш-қуатты жұмсап, еліміздің ғаламдық бәсекеден қалмауы үшін күрессек деймін.

Елбасының мақаласында айтылған тұжырымдар төңірегінде тарам-тарам ойлар келіп отыр. Солардың қайсысы болса да, ұлттық мүддені көздейді. Қазақстанның адал ниетті, бейбітсүйгіш, бақытын еңбек пен білімнен тапқандардың Отаны ретінде болашағы жарқын боларына сенеміз.

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp