Солтүстіктің бір топ абзал азаматтары бір жұтым ауаға зар болып, қиналып жатқан жерлестерін құтқаруға қол үшін беру үшін “Зекет” қорының облыстық филиалына кәсіпкерлерден, жалпы халықтан, жамағаттан ақша жинап, осыған дейін 36 концентратор әпергенін жазғанбыз.
Енді, міне, Екатеринбургтен тағы да 25 концентратор мен 73 пульсоксиметр аппараттары келіп жетті. “Зекет” қорының маңына топтасып, бар істі ұйымдастырып жүрген облыстың бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай, іскер азаматтар Сермағанбет Оралұлы мен Нағашыбай Барлыбаев және т.б. қордағы қалған ақшаны құрастырып, осы аппараттардың құнын жіберген болатын. Бұл жолы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қабдырахман Сақтағанов “пульсоксиметр керек еді” деп сұраған соң, қолдағы қаржыларын есептей келіп, өздері де қалталарынан қосып, әйтеуір, 73 пульсоксиметр деген шағын аппарат алуды ұйғарған. Ол – адамның бойындағы оттегінің көлемін анықтайтын, шағын ғана, саусаққа кигізілетін құрал. Бірақ өзі шағын болса да, бағасы удай, біреуінің құны – 38,5 мың теңге.
Жігіттерге бар ақшаны бірден жіберу де оңай болған жоқ. Біздегі банк жүйесінің тәртібі бойынша 20 млн. теңгені ғана есепшоттан алуға рұқсат бар екен. Екінші рет алу үшін арада белгілі бір уақыт өтуі тиіс. Бірақ соған қарамастан жігіттер әріптестерінен қарызданып жүріп, ақшаны уақытында тауып жіберген.
Сонымен сатып алынған 25 концентратор былай бөлінді: облыстық аурухана – 15 дана; Ақжар аудандық ауруханасына – 3; Бескөл аудандық ауруханасына – 3; Мамлют аудандық ауруханасына – 2; кардиологиялық орталыққа – 2 данадан. Ал пульсоксиметрлер: облыстық ауруханаға – 40 дана; Ақжар аудандық ауруханасына – 15; Бескөл аудандық ауруханасына – 10; Мамлют пен Есіл аудандық ауруханаларына үш-үштен; кардиоорталыққа 2 данадан берілді.
Осынша аппарат бүгіннен бастап қызмет істеп, жанына дауа іздеп қысылған жандарға пайдасын тигізіп жатыр. Барлығы 61 концентратор мен 73 пульсоксиметр талай адамды ажалдан арашалар деген үміттеміз. Өзге шаруалары бастан асып жатса да, жерлестерінің денсаулығы үшін зыр жүгіріп жүрген саналы азаматтардың ісіне қалай риза болмайсың!
Жақсыбай САМРАТ.