Біреуге қайырымдылық көрсетіп, қиын кезде көмектесу бұл әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Ол үшін адам бойында мейірімділік деген асыл қасиет болуы керек. Облыс орталығының тұрғындары Корольковтар отбасы – балалардың жылы ұясына айналған жайлы үйлердің бірі. Отағасы Анатолий Геннадьевич пен оның зайыбы Тамара Ивановна – өздерінің үш балаларымен қатар, ата-ананың қарауынсыз қалған 46 ұл-қызды қанаттарының астына алған өнегелі жандар.
Қатарынан қалмай, өздерінше еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ерлі-зайыптылар көптеген жас отбасылар сияқты балаларын тәрбиелеп, күйбің тірліктің қамымен жүрген. Бір күні Тамара Ивановна теледидардан жетім және ата-анасыз қалған балаларды асырап алуға байланысты бағдарламаны көріп, оған ден қойып, мұқият тыңдайды. Тағдырдың тәлкегімен тумай жатып, тастанды атанған кіп-кішкентай нәрестелердің өмірі жайында естігенде ана жүрегі езіліп, мазасыз күйге түседі. Өзінің үш баласы бола тұра қайырымды жан тым болмаса, бір баланы асырып алу жайында ойланады. Санасын жаулап алған ой ана жүрегіне тыныштық бермейді. Ақыры, сәті келгенде барлығын жұбайына айтып, оның жауабын тағатсыздана тосады.
Анадан жалғыз Анатолий Геннадьевич өзінің әкесіз өскендігін ойлап, “Шынымен де, қолдан келсе, тым болмаса бір балаға жақсылық жасап, қамқорлыққа алсақ, бұл да бір игі іс болар”, – деген оймен келісімін бірден береді.
Арада біраз күн өткен соң бала асырап алуға байланысты барлық құжаттарын дайындайды. Содан кейін ерлі-зайыптылар Балалар үйіне баруға әзірленеді. Үлкен істің алдында тұрған ата-ана осы жолда ауыртпалықтар мен қиындықтар көп кездесетінін іштей сезсе де, бастаған істі аяғына дейін абыроймен жеткізуді мақсат етеді. Қашанда біріне-бірі демеу бола білген Анатолий Геннадьевич пен Тамара Ивановна балалармен болған ең алғашқы кездесуде қатты қобалжыған.
– Біз сынып ішіне кірдік. Қарсы алдымыздан шыққан мұғалім оқушыларға қарап, бізді таныстырды. Содан кейін: “Балалар, кімнің аға мен тәтейдің үйіне қонаққа барғысы келеді?” – деп сұрады. Сыныптағы барлық бала таласа қолдарын көтеріп жатты, тек бір ғана оқушы басын төмен түсірген бойы отыра бергенін байқап қалдым. Оның қасына жақындап барып: “Сенің барғың келе ме?” – деп сұрағанда ол ақырын ғана басын изеді, – деп еске алады Тамара Ивановна.
Осылайша Корольковтардың отбасына Сережа есімді ұл бала келіп қосылады. Балалар өзара тіл табысып кетулері үшін ата-ана уақытпен санаспай, қолдан келгеннің барлығын істейді. Ата-анасының ынта-ықыласына бөленген бала жаңа отбасына бірден үйреніп, бауыр басып кетеді.
“Бала асырап алып, оның өмірін нұрға бөлесек” деген олар Сережадан кейін Таня, Гуля, Алена, Лена есімді ұл-қыздарды да үйіне алған. Жақсылық жасауға ұмтылған ата-ана осылайша аз ғана уақыт ішінде бір шаңырақ астына әр ұлт өкілдерінен құрылған 46 баланы тоғыстырған. Мұндай батылдық нағыз батырлықпен тең десек, артық айтқанымыз болмас.
Келген балалардың барлығын құшақ жая қарсы алған ата-ана мектеп оқушыларынан бастап, өмір есігін іңгәлап жаңа ашқан жөргектегі сәбиді де өзінің туған баласындай бауырына басып, барын бөліп беруден аянбаған.
Корольковтар құрған отбасылық Балалар үйіне биыл 25 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан іргелі отбасы – жас мемлекетіміздің бір бөлшегі. Осы уақыт аралығында қызығы мен қиындығы мол бала тәрбиесі жолында қажырлы еңбек етіп, әр сәбидің жүрегіне ақылмен жол таба білген ата-ананың еңбегі өлшеусіз. Оны балалардың үлкені де, кішісі де түсінеді. Сондықтан да, сабақтан қолдары босай қалса, қыздары аналарына ас бөлмеде көмектеседі. Ал ұлдары көктем басталысымен үйлерінің қасындағы 4 гектар жерді өңдеп, картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабаттан бастап, керек деген барлық жеміс-жидек түрлерін егеді. Шыққан өнімді жаз бойы күтіп, қысқа әзірлеп алады. Осылайша балалар еңбекпен келген нанның дәмі тәтті екенін түсінеді.
Бүгінде Корольковтар отбасындағы балалардың алды үйленіп, тұрмыс құрған. Қазір олар немере қызығына бөленген ата мен әже. Жылы ұядан қанат қаққан қарлығаштар ата-анасына жиі қонаққа келіп тұрады. Ал кейінгі алты кішкентай бала мектепте оқып жүр. Қазір ата-ана бар көңілін соларға бөліп, тәрбиелеуде.
Қараусыз қалған осыншама балаға туған ата-анасындай болып кеткен Корольковтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асқан “Мерейлі отбасы” ұлттық сайысына қатысып, облыс деңгейінде екі рет жеңіске қол жеткізді. Мұндай көрсеткіш – отбасының өзара ауызбірлігінің, татулығының белгісі.
Алдарына мақсат қойып, соған ұмтыла білген ерлі-зайыпты тоқсаныншы жылдары демеушілер салып берген екіқабатты үйде тұрады. Балаларын байлығына теңеген қайырымды жандар ешкімге алақан жайып отырған жоқ. Керісінше, қолдарынан келгенше еңбек етіп, туғанындай болып кеткен ұл-қыздарын қатардан қалдырмауға тырысып-бағуда.
– Еліміз тәуелсіздік алған соң көптеген сын сәттерді басынан өткерді. Бірақ қандай қиын кездер болса да, тұрмыстың тапшылығын көрген жоқпыз. Ел қатарлы түтін түтетіп, бала өсіріп, еңбек етіп жүрген жайымыз бар. Осының барлығы жайқалып өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың жарқын болашағы үшін, – дейді көпбалалы ана Тамара Ивановна.
Тағдырлары Корольковтар отбасында тоғыстырған әр баланың ата-анасына айтар алғысы шексіз. Олардың балбұл жанған жүздеріне қарасаң, дәл осы үйден жан жылуын тауып, мейірім шапағатына бөленгендерін аңғарасың. Мұның бәрі – жаралы жүрекке жылылық сыйлаған ата-ананың көп жылғы еңбегінің жемісі. Өзгенің бәрін өзіндей көріп, жетімдерге қол ұшын беретін осындай асыл азаматтардың саны арта түссе, нұр үстіне нұр болар еді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
