Біреуге жақсылық тілеу, қайырымдылық істермен өзгенің өміріне аз болса да шуақ шашу мына бес күндік дүниені мәнді де мазмұнды етеді. Бұл менің көп жылғы еңбегімнің арқасында көз жеткізген ой-пікірім.
Мен еңбек адамын әлеуметтік қорғау саласында табан аудармай 36 жыл қызмет еттім. Оның ішінде 17 жыл облыстың бас еңбек қорғау инспекторы болдым. Жұмыс барысында әр салада өз жауапкершілігін жете түсініп, берілген тапсырманы жақсы орындай білетін еңбек адамына жасалған жағдайды ұдайы назарда ұстап, жіті қадағаладым. Барлық мәселені заң шеңберінде шешіп, бастаған істі аяғына дейін жеткізіп отыруды өзімнен де, қарамағымдағы қызметкерлерден де талап еттім. Жақсы ұйымдастырылған жұмыстың арқасында біздің облыс осы сала бойынша республикада бірнеше рет жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Яғни, өзімізге жүктелген тапсырманы абыроймен орындап, қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қостық. Қажырлы еңбек елеусіз қалмады 2012 жылы “Әлеуметтік қорғау саласының үздігі” медалімен марапатталдым. Жоғары билік органдарынан алған бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хат ұжымның жұмыла істеген жұмысының көрсеткіші.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің атқаратын жұмысы қызықты және өте жауапты. Ең бастысы, маманның бойында адамгершілік қасиет болу керек. Сонда ғана жұмыс алға басып, көптің құрметіне бөленесің. Осы бағытта еңбек етіп жүріп көптеген адамдармен танысып, түрлі жағдайлардың куәгері болдым. Әлі есімде, қыстың қақаған суығында өз тапсырмасын орындап жүрген жұмысшылар түнде вагонда ұйықтап жатқанда кенеттен өрт шығып, төрт адам қаза тапты. Кейін белгілі болғандай, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан екен. Жұмыс беруші бұл оқиға түнде болғандықтан, мерт болған адамдардың отбасына көмек беруден бас тартқан. Сөйтіп, мән-жайды толық қарастырып, тиісті адамдарды заң алдында жауапқа тартқызып, қайғы жұтқан отбасылардың бірреттік көмек алуына және мемлекеттен басқа да әлеуметтік қолдау көрсетілуіне жағдай жасадық. Санай берсек, күйбің тірлікте орын алған мұндай жағдайлар көп кездесті. Өтініш білдірген адамдарға қолымыздан келгенше көмегімізді аяған жоқпыз. Еңбегіміз қарапайым халықтан келген хаттармен, ізгі-ниеттермен еселеніп қайтты. Осының өзі мен үшін – үлкен бақыт.
Әлеуметтік көмек беру саласында қызмет ету үшін бойда адалдық, кеңпейілділік, өз ісіңе деген қызығушылық болу керек. Осылардың барлығы ұштасқан кезде ғана адамның жүрегіне жол тауып, оған қажет кезінде демеу болып, қол ұшын созуға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” Жарлығына сәйкес 2011 жылдан бастап қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Бұл – адам басындағы қиындықтарды алғаш болып сезініп, қолынан келгенше туындаған мәселелерді шешуге көмектесетін мейірімді жандардың мерекесі. Бүгінде еліміз бойынша аталмыш жүйеде қоғамның барлық әлеуметтік топтарына лайықты қамқорлық көрсетіліп жатыр. Осының барлығы көңілден шығып, жүрекке жылылық сезімін ұялатады.
Ғалымбек ҒАЙСИН,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.