“Достық” үйінде “Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігі және келісімнің кепілі мен нышаны” атты форум өтті. Ол 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған және Елбасы Жарлығымен алғаш рет аталып өтіліп отырған Алғыс айту күніне арналды. Шараны “Urpag” қазақ мәдени-ағарту орталығы және “Қоғамдық келісім” КММ, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этномәдени бірлестіктері ұйымдастырды.
Жиналғандарды Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов құттықтады. Ол өз сөзінде бүгінде ұрпақтар ауысып, жаппай депортация, соғыс жылдарындағы қиындықтарды көрген көне-көз қарттардың, ардагерлердің азайып бара жатқанын айтты. “Сондықтан осындай мереке арқылы бабалардан жеткен тарихты, дәстүрді, өткен күндердің игілігін дәріптеуге тиіспіз. Бұл барлық қазақстандықтардың біртұтас халық ретінде жақындасуына қол жеткізіп, “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясына негізделген құндылықтар жүйесін қалыптастырады”, – деді.
Бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан этностар өздерінің өткен тарихын еске алып, қазақ халқына алғыстарын айтады. Олардың жалпы тарихи тағдырлары халықтың менталитетіне, түсінігі мен ұмтылысына оң әсер етіп, барлығын бір мақсат-мүддеге жұмылдырды. “Қазақстан кәрістері қауымдастығы” ҚБ филиалының төрағасы Евгений Хан 1937-1940 жылдары кеңес өкіметінің шешімі бойынша Қазақстанға күштеп жер аударылған этностардың арасында өз қандастарының да болғаны жөнінде сөз қозғады.
Ол: “Біз тірі қалғанымыз үшін қазақ халқына алғыс айтуымыз керек. Менің әкемнің айтуынша, қараша айында аш-жалаңаш кәрістерді тауар таситын вагондармен Қазақстанға жөнелткен. Олардың тең жартысы жолда аштан өлген. Аман жеткендердің ұрпақтары, біздер, бүгінде 80 жылға жуық уақыт Қазақстанды мекен етіп келеміз. Ол кезде жергілікті халықтың да жағдайы мәз еместін, соған қарамай ауызындағысын жырып берген қазақ халқының бұл жақсылығын ұмытуға болмайды. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, айтып отыру – бізге аманат”, – деді.
Осындай жылы лебізін “Коперник” поляк орталығы төрағасының орынбасары Валентина Корнева да білдірді. Олардың барлығы елімізде тыныштық пен бірлік болғанын қалайтындарын айтты.
– Шара этносаралық бірлік пен келісім мұраттарын насихаттауға, елімізде тұратын өзге ұлыстардың рухани құндылықтарына құрмет пен сүйіспеншілік қалыптастыруға, қазақстандық патриотизмді дамытуға бағытталды, – деген “Urpag” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева аталмыш орталықтың Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының арасында өткізген Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған “Қазақстан – менің Отаным!” атты эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Алғыс айту күніне арналған шара “Балқадиша” фольклорлық әжелер ансамблінің, Назарбаев Зияткерлік мектебі, “әл-Фараби” мектеп-лицейі оқушыларының және “Алуа” би тобының концертіне ұласты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.