«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚЫНДАРЫН ЖАРЫЛҚАЙМЫН ДЕП, жаза басқан бас дәрігер қызметімен қоштасады

Әділбек Мұқашевтың төрағалығымен өткен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында қолданыстағы заңнаманы бұрмалауға жол берген екі басшы қызметкердің үстінен қозғалған тәртіптік істер қаралды.

Петропавл қаласының прокуратурасы “Қалалық балалар емханасы” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бас дәрігеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалады деген кінә тақты. Бас дәрігердің үстінен кәсіпорын ұжымының мүшелері бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасына арыз түсіріп, соның нәтижесінде оған қызметінде жіберген кемшіліктері үшін сөгіс беру ұйғарылған екен. Алайда, прокуратура бұл жазаны жеңіл деп тауып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының тиісті бұйрығын бұздырыпты.

Петропавл қаласының прокуроры Александр Трикачевтің айтуынша, қалалық балалар емханасының бас дәрігері өзінің қызы мен екі күйеу баласын жұмысқа қабылдау кезінде олардың білімдері біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндігін ескермей, заңға томпақ келетін әрекетке барған. Осылайша жақындарын жарылқаймын деп, жаза басқан бас дәрігерді сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағандығы үшін қызметінен босату туралы ұсынысты Тәртіптік кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы өзіне бекітілген қызметтік көлігін жұмыстан тыс уақытта мінгендігі арнайы жүргізілген рейд кезінде әшкереленгендіктен, оған мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексін бұрмалағандығы үшін ескерту жариялау ұйғарылды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp