«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚЫНЫМДАЙ ЖАНАШЫР

Дәрігер мамандығына әркімнің де құрметі зор. Ал егер ақ халатты абзал жан өз ісінің білгірі болса, онда оған деген құрмет, тіпті еселенеді. Петропавл қаласындағы №3 қалалық емхананың дәрігері Раушан Байлина да біз үшін жақын адамдарымыздың біріндей өте сыйлы. Қашан барсаң да күлімдеп қарсы алатын, ауырған жеріңді мұқият тексергеннен кейін ем тағайындайтын ақ халатты абзал жанға ризашылығым шексіз.

Жас маман бала кезінен дәрігер болуды армандаған екен. Бәлкім, сондықтан да қызметін сүйіспеншілікпен атқарып жүрген шығар. Менің білуімше, ол – Астана қаласындағы медицина университетінің түлегі. Әрі қарай білімін жетілдіру үшін Қарағанды медицина университетінде эндоскопия мамандығын игерді. Медицина саласының дамуына үлес қосуды абыройлы парыз санаған ол бүгінгі күні туған жерінде мен секілді қаншама адамның дертіне ем тауып жүр. Раушан аталмыш емдеу мекемесінде он жылға жуық қызмет атқаруда. Емханаға барған сайын жас дәрігердің ұжымға сыйлы, науқастар үшін қадірлі екенін көріп, қуанып қайтамын. “Жақсы мінез – адам көркі” дегендей, адамгершілігімен бәріміздің көңілімізді тауып жүр. Оның қабылдауына келгендер кабинеттен риза көңілмен шығады.
Жауапкершілігі зор әрі қоғамдағы ең қажет мамандық бойынша адал қызмет етіп жүрген жүректері мейірімге толы дәрігерлерге бүгінгідей қиын кезеңде алғыс айтудың артықтығы жоқ деп ойлаймын. Өз ісіне тиянақты Раушан Сағынбайқызынан өзгелер өнеге алса игі. Біз осындай білікті дәрігерлермен мақтануымыз керек. Сын сағатта жанкештілікпен еңбек етіп, әлем елдерін тығырыққа тіреген аты жаман аурумен күресте алдыңғы қатарда жүрген Раушандай дәрігерлердің жұмысы жемісті болғай!


Далабай ҚАБДУАЛИЕВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp