«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚЫНЫҢНАН АРТЫҚ ЖАНАШЫР ЖОҚ

«Екі аяғың бір етікке тығылып» асыққанда Құдайдың жолы да жеткізбей діңкелететіні бар емес пе? Мұндайда қиыннан қиыстырып жол табатын, қаланың қалтарыс-бұлтарысын бес саусағындай білетін тәжірибелі таксист те кезікпейді ғой. Бұл кәсіпті енді ғана меңгеріп жүргені айналаға абдырай қараған көзі мен рөлді тас қылып ұстап алған қолынан білінетін жас жігіттің жүрісі мандыған жоқ. Қиылыстардағы бағдаршамдардың әрқайсысына тоқтап жүргің келсе де бұлай бөгелмессің. Әлде кешіккен адамға айналадағы жұрттың бәрі баяулап қалғандай көріне ме екен?

Райгүл БЕРДІМҰРАТ,

35 жаста.

Жұмыста қарым-қатынасымыз ресми әңгімеден әрі аспайтын Айбек екеуіміз айына бір рет басшылықтың тапсырмасымен иық тірестіріп, тұрақты серіктестерімізбен кездесуге барамыз. Бұл жолы Айбектің көлігі бұзылып, алыстағы кеңсеге жету үшін такси жалдағанбыз. Осындай кездерде ғана шешіле әңгімелесіп, ана-мынаны сөз ететініміз болмаса, былайғы араластығымыз іскерлік деңгейде ғана. Басымызды қосатын жұмысымыз болмаса әрбіріміздің өз отбасымыз бар. Үйлі- баранды адам жастық шақтағыдай жаңа танысынан сыр тартуға тырысып, дос іздеп жатпайды екен. Осындай ойдың жетегінде отырған мен кенет көлік кілт тоқтағанда есімді жиып ала қойдым. Қарасам жүргізушіміз бағдаршамның қызыл түсін көрмей қалып, жолдағы адамдарды соғып кете жаздапты.

– Сіз өзі қалай-қалай жүресіз? Бұрын рөлге отырып көргенсіз бе? Біресе алдыңыздағы көлікті байқамайсыз, біресе адам қағып кете жаздайсыз, бізді аман жеткізсеңіз болды әйтеуір, – деймін жол бойы сасқалақтап, көлікке ие бола алмай келе жатқан жігітке.

– Райгүл, ашуланбашы. Жігітіміз онсыз да бізді жылдам жеткізуге тырысып келеді ғой, – дейді Айбек мені тыныштандырмақ болып.

Жер қозғалса да қозғалмайтын қатты мінезі бар Айбектің қарапайым жүргізушіге бола сонша шыр-пыр бола қалғаны мені таңғалдырды. Көп өтпей оның әлгі жігітпен хал сұрасып, әңгімелесе жөнелгені таңданысымды тіптен арттыра түсті. Әріптесім өзінің бауырын көргендей бейтаныс адаммен емен- жарқын шүйіркелесе кетті.

Жүргізушіні асықтырып отырып, әйтеуір кеңсеге де жеттік-ау. Айбек әлгі жігітке жылы қабақ танытып, артықтау ақша төлеп, қоштасып шығып барады. Ғимаратқа кірсек, кездесуіміз бір сағатқа шегерілген екен. Қарбаласып жүріп телефонға келген хабарламаны да байқамаппыз. Сөйтіп, екеуіміз жақын маңдағы дәмханалардың біріне кофе ішуге келдік.

– Жаңағы жүргізушіні танушы ма едің? Сонша ықылас көрсеткеніңді айтамын, – деп сұрадым Айбектен.

– Танығанда қандай, ол жігітті менен артық танитын адам жоқ деуге болады.

– Сонда ол кім?

– Ол маған өте жақын адам. Мен… Менің өзім десем де болады. Иә, ол – мен.

– Жұмбақтамай айтшы, оның саған ұқсайтын еш жерін байқамадым. Жол бойы үрейімізді алып бітті ғой өзі.

Айбек бірдеңені есіне түсіргісі келгендей алысқа көз алмай қарап отырды да, ыңғайланып ұзақ әңгіме бастайтын сыңай байқатты. Әріптесімнің жаңағы сөзінің астарын сол әңгімесінен кейін барып түсіндім.

«Жастық адамға не істетпейді. Ол кезде студентпіз. Топырлаған қалың қыз-жігіт жатақханада тұрамыз. Бәріміздің қарап отырғанымыз айына бір келетін шәкіртақы ғана. Оны да келесі ақша түскенге дейін жеткізу мүмкін емес. Жас болған соң ел қатарлы жүріп-тұрып, қалаған дүниеңді алғың келеді. Біздің қатарымыздағылардың еті тірілері осы кезден жұмыс іздеп, тиын-тебен таба бастады. Мен де бос уақытта қарап жатпай әрекет етуге көштім. Қолында дипломы жоқ, оның үстіне сабағы бар адамды кім жайлы қызметке орналастыра қойсын? Әйтеуір күнделікті шығындарымызды жабу үшін дәмханалар мен сауда орындарын жағалаймыз. Сөйтіп жүріп талай алданып, талай опық жедік. Кезекті рет жалақымды толық ала алмай, жұмыс берушімен сөзге келіп қалып, кейін ұзақ қиналдым. Сөйтіп жүргенде қаладағы таксопарктердің бірі жүргізуші іздеп жатқаны туралы жарнаманы көрдім. Алғашқы курстарда ата-анамның жүргізуші куәлігін алуға көмектескені мұндай жақсы болар ма? Бұл жердегілермен тез тіл табысып кеттім. Олар тәжірибемнің жоқтығына қарамастан көлікті жалға беруге келісті. Келісімге сай оларға күн сайынғы келісілген ақысын төлеп тұруым керек. Ал қай уақытта жолаушы тасымалдайтыным, қай кезде демалуым өз еркімде. Әйтеуір көлікті жалға алу ақысын кешіктермесем болды. Одан артылған пайдаға ешкім қол салмайды.

Таксист болу деген клиентті бір мекенжайдан екінші мекенжайға жеткізіп тастаудан ғана тұрмайды екен. Қанша қиналсам да бірнеше тапсырыстан кейін жаңа жұмысқа етім үйрене бастады. Күні бойы көлік тізгіндеп, кешке жалға алу ақысы мен жанармайдан артылған қаржыны өзіме аламын. Алайда университетте оқуда болған күндері адам тасымалдай алмаймын. Көлігімнің қаңтарылып тұрған әр күні шығын. Тіпті оталдырмасаң да күндік ақысын беріп тұруың керек. Менің мұндай іспен айналысатынымды ата- анам да білмейтін. Білген күннің өзінде олардың бұл ойымды қолдамайтыны анық еді.

Аптасына бірнеше күн өндіртіп жұмыс істегенім болмаса, пәлендей ақша таптым дей алмаймын. Сабақ болатын күндері амалсыз университетке баруға тура келеді. Кейін есептесем, екі-үш күндегі табысым бір апталық жалға алудан артылмайды екен. Амалсыз түнде жұмыс істеуге тура келді. Түнімен әртүрлі адамдарды тасимын. Бейуақтағы жолаушылардың арасында небір тағдыр иелері бар. Олар туралы оқиғаның өзі бөлек әңгіме. Түнімен көлік жүргізіп, күндіз қалғып-шұлғып сабақта отырамын. Мұндайдан шаршағаным соншалық, айналадағы болып жатқан нәрселерге назар аударып, бірдеңені сезінуден қалдым. Көп өтпей осының бәрі маған өмірлік сабақ боларлық оқыс оқиғаға әкеліп соқты. Ұйқыны аңсап, көзім қызарып жолаушы тасымалдап жүрген түндердің бірінде қайдан сап ете қалғанын кім білсін, жолға бір әйел адамның шыға келмесі бар ма. Есінеп келе жатқан мен тежегішті дер кезінде басып үлгермедім. Абдырап қалған мен дереу әлгі адам жатқан жерге жүгіріп, «Жедел жәрдем» шақырдым. Жылдам жеткен дәрігерлер әйелдің бірнеше жерден сүйегі сынғанын ғана айтып, үміт отын жаққандай болды. Өмірімде мұндай шарасыз күйге түспеген шығармын. Мен қағып кеткен адам қайтыс болса не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл туралы ата- анам естісе не деймін?

Ауруханада жатқан әйелге жиі барып, халін біліп тұрдым. Ол да бір Құдайға қараған жан екен. Егер емінің ақысы мен сұраған ақшасын берсем, ешқайда арыз жазбайтынын айтты. Алайда айтқан сомасы менің қолымда жоқ қаражат еді. Тіпті төрт жыл бойғы шәкіртақымды жинасам да сұрағанын бере алмас едім. Бұл туралы үйдегілер білмеу үшін әр жерден қарыз ала бастадым. Қалай болғанын білмеймін, бірақ банктер несие беруден бас тартқан жоқ. Сөйтіп көлік те жоқ, ақша да жоқ, оңайлықпен құтылмас қарызбен жалғыз қалдым. Бұдан кейінгі жағдайым адам қызығарлықтай емес еді. Қарызды қарызбен жауып, кейде тіпті ішер асқа ақша таппай қалатын болдым. Сонда да ата-анама тіс жарған жоқпын. Оларды жерге қаратып, жүрегіне уайым салғым келмеді. Бірақ банк қызметкері үйдегілерге хабарлап үлгеріпті. Менің қомақты қарызым туралы әкем мен шешем осылай білді. Бұдан әрі жасырудың мәні қалмаған соң оларға мән-жайдың бәрін айтып бердім. Осыдан кейін үлкендер маған қандай сөз айтып, қалай ренжісе де көтеруге дайын едім. Алайда олардың әрекеті мен күткендей болмады.

– Байғұс балам-ай, жалғыз өзің осындай ауыр жүкті көтеріп, қаншама қиындық көріпсің ғой, – деп аяды анам.

– Жетім бала құсап бүйтіп жүргенің не? Ертерек келіп айтсаң бірдеңесін қылар едік қой, – деп өкінді әкем.

Ата-анам жиған-тергенін беріп, қарыздың көп бөлігін жабуға көмектесті. Осы оқиғадан кейін олармен арамыз бұдан да жақындай түскендей болды. Бұл оқиға маған жақын адамдардың қаншалықты қажет екенін көрсетіп берді. Олар бізді әлсіздігіміз бен кемшілігімізге қарамастан жақсы көреді. Сондықтан да жақындарымыздан сыр жасырып, жасандылыққа барып, мықты болып көрінуге тырысудың керегі жоқ екен. Адамға отбасы қиналғанда сүйеу болып, тағдырдың жүгін бірге көтерісу үшін беріледі. Біз өзімізді осындай адамдардың арасында ғана бақытты сезінеміз. Олардан ештеңе алмасаң да, мұңыңды айтып, жылы сөз естудің өзі көңілге медеу».

– Жаңағы таксиде өзімді көрдім деп отырғаным да сол. Жас жігіт осыдан он жыл бұрынғы албырт шағымды еске салды. Менің қателігімді қайталамасын деп жақын тартып, көп нәрсе айттым, – деді Айбек.

…Сырт көзге жүрегінде титтей де жылылық жоқ, сезімі сөнген қатты адам болып көрінетін Айбектің ішінде де осындай сыр жатыр екен-ау. Осыны ойлаған мен көліктегі әрекетім үшін ұялып барамын.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp