
Шал ақын ауданында ауыларалық қатынас жолдарының жағдайы сын көтермейтіні баршаға мәлім. Солардың бірі – Жаңажол ауылынан Петропавл – Сергеевка асфальт жолына дейінгі 7 шақырым грейдер. Соңғы жиырма жылдан бері дұрыстап бірде-бір рет жөндеу көрмеуі себепті әбден тозып біткені анық. Көктем мен күзгі лайсаңда, қыстың боран-шашынында мүлде жүріп болмайтын жағдайға жетті. Еңістеу тұстарын көктемгі қар суы шайып кеткен кездері де болды. Жол қатынасын түзетуді сұраған ауыл азаматтарының бармаған жері жоқ еді. Биыл сәтін салып, жолға күрделі жөндеу жүргізу басталғандықтан, енді ауыл тұрғындары жол бейнетін көрмейтін болады.
Мәселенің оң шешімін табуына өңір басшысы Ерік Сұлтановтың жәрдемі тиді. Облыс әкімі өңірдің ауылдық жолдарын қалпына келтіруді осы қысқа жол учаскесінен бастағанды жөн санады. Әрі жол саласындағы қызмет тәжірибесінің молдығына сүйеніп, грейдерлік ескі жолдарды жаңа технология бойынша қалпына келтіруді ұсынып отыр. Осы шағын жол учаскесіне облыстық бюджеттен 20 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат оны толық жаңа технология бойынша атқаруға жетпейтіндіктен, соның ішінде сынақ жұмысын жүргізуге жолдың бір шақырымдық тым нашар бөлігі таңдап алынды. Аталмыш жеті шақырымдық жол учаскесіндегі жұмыстармен “Искандерян” жеке кәсіпкерлігінің жолшылары айналысуда.
Жаңбырлы ауа райының көп кедергі келтіріп отырғанына қарамастан, жол құрылысшылары қыруар жұмыс істеп үлгерді. Атап айтқанда, жол учаскесі көтеріліп, үстіне қиыршықтас төселіп, тегістелді. Енді қазір құм төгіліп, нығарлау жұмыстары жүргізілуде. Ал, жолдың бір шақырымдық жаңа технологиямен жөнделетін бөлігіндегі жұмыс мүлде басқаша. Басында мұнда да жолды жалпы тәртіпке келтіру жұмыстары жүргізіліп, қиыршықтас пен құм төселген болса, негізгі атқарылар жауапты жұмыс енді басталғалы отыр.
Жолшылар, әсіресе, соңғы аптаның ашық күндерінде жіті қимылдап, қажетті материалдардың бәрін жеткізіп алды.
Қиыршықтас және құм тасымалымен төрт “КамАЗ” автомашинасы айналысып жүр. Оған қоса жаңа технология бойынша құрылысқа тас үгіндісі де қажет. Олардың бәрі Новоишимка және Өрнек ауылдарының карьерлерінен тасылуда.
Құрылыс басында жолыққан жол құрылысының шебері Реник Унанянның айтуынша, ауа райы ашық болса, жөндеу жұмыстары қазан айының ішінде аяқталады. Учаскедегі адам күші мен техника жеткілікті. Қазір мұнда 6-7 адам еңбек етуде. Екі үлкен автогрейдер жол тегістеу, қиыршықтас пен құм жаю жұмыстарын атқарады. Одан басқа тағы бір шағын грейдер, бір бульдозер және бірнеше нығарлағыш каток бар. Карьерлердегі тас және құм алатын жерлерге бір-бірден жүк тиегіштер қойылған.
Жолдың сынақты бөлігінде қатарлап үйілген қапталған цементтің көптігін байқадық. Реник Захарович оның да жол құрылысы материалына жататынын айтып, оның қолданылу жайына түсінік берді. Жер қабатын тұрақтандыруға негізделген жаңа жол технологиясында цемент жол үстіне төселген қиыршықтас, құм және тас үгінділерін біріктіру үшін қолданылады екен.
– Қиыршықтас, құм және тас үгінділері төселіп тегістелген соң олардың үстіне цемент қосамыз, сосын ені екі метрлік арнайы “Рескайлер” машинасы оларды араластыра қопарып жүріп өтеді де, өңделген жол таспасына су бүркіліп, үстінен катокпен нығарланады. Былайша айтқанда, бұл жолды бетондаудың қарапайым әдісі болып табылады. Ені 6-7 метрлік жолды тегіс араластырып шығу үшін “Рескайлер” қатарынан үш рет жүріп өтуі керек. Осы цементтелген қоспа жер немесе жол қабатын тұрақтандырушы болып табылады. Қолданылып отырған жаңа технологияның басты мәні – жол қабатын қатайтып, оны ауа райы жағдайына шыдамдырақ ету. Мұндай жол жай құм төселген жолдарға қарағанда анағұрлым ұзақ қызмет етеді, – дейді Реник Унанян.
Сөйтіп, жаңажолдықтар жүргізіліп жатқан жол құрылысына бір кісідей қуанып отыр. Енді олар жол сапарында қиындық көрмейтін болады.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: жол құрылысы шебері Р. Унанян ауылдық округтің әкімі М. Сүлейменовпен жұмыс жайында әңгімелесуде.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.