«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ШЫРШАНЫҢ ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

Петропавлдағы Орталық алаңда облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен жаңажылдық бас шыршаның шамын жағу салтанаты өтті.

Мерекелік кеш Аяз аталар мен Ақшақарлардың шеруімен басталып, олар №6637 әскери бөлімінің оркестрімен бірге ертегі әлеміне саяхат жасады.

Содан кейін сөз алған өңір басшысы Ерік Сұлтанов қызылжарлықтарды Тәуелсіздік күнімен және келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.  

– Санаулы күндерден кейін тәуелсіз еліміз 2015 жылға қадам басады. Келе жатқан Жаңа жыл тек жақсылығымен келсін! Өткен жылға өкпеміз жоқ, өйткені бұл жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өңірімізге іс-сапармен келіп, жасап жатқан жасампаз жобаларымызды қолдап, облысымыздың болашағына үлкен үміт артатындығын тағы да қадап айтты. Алда атқаратын жұмыс көп, оны жүзеге асыруда ынтымақ қажет. Сондықтан Жаңа жыл баршамызға береке-бірлік әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген Ерік Хамзаұлы Аяз атамен бірге бас шыршаның шамын жақты.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, үстіміздегі жылғы 18 метрлік шыршаны безендіруге заманауи “LED” технологиясы қолданылған.

Бұл күні орталық алаңда қаланың шығармашылық топтары өздерінің өнерлерін ортаға салды.

Биыл Петропавл қаласының аумағында, яғни Пестрое көлінің жағалауында, Петропавл вокзалының алдында, Бензострой, Борки, Заречный, Ойқала, Былғары зауыты, Жұмысшы кентінде, Жеңіс саябағында, 19 және 20-шы шағынаудандарда жаңажылдық қалашықтар салынып, безендірілді. Ал олардың ең негізгілері қала әкімдігінің алдындағы Орталық алаң мен Тәуелсіздік стеласының маңында орнатылған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp