
Қалалық Мәдениет үйінде қала әкімінің жаңажылдық мерекелік шыршасы өтті. Шараға үздік оқушылар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жүзден астам жеткіншегі қатысты.
Мерекені қала әкімі Марат Тасмағанбетов құттықтау сөзімен ашып, өтіп бара жатқан 2014 жылда атқарылған маңызды істерді атап өтті.
– Жылқы жылы жеткен жетістіктеріміз аз емес. Мұның барлығы келешекте сіздердің жақсы оқып, саламатты өмір салтын қалыптастырып, Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығуларыңыз үшін жасалып отыр, – деген шаһар басшысы келе жатқан 2015 жылды жақсы қарсы алу мақсатында облыс орталығында көптеген шаралар өткізіліп жатқандығын және оның бірі бүгінгі жаңажылдық шырша екендігін жеткізді.
Көркем, көз жауын алардай етіп безендірілген шыршаны айнала жүрген балдырғандар ертегілер елінде жүргендей өздерін емін-еркін сезініп, ән салып, би биледі. Балалар үшін түрлі киімдер киген ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдаған қалалық Мәдениет үйінің қызметкерлерінің ойындары, шағын қойылымдары қызықты өтті.
Шара барысында қала әкімі балаларға мерекелік сыйлықтар үлестірді. Оқушылар шара барысында әртістердің концерттік бағдарламаларын тамашалап қана қоймай, өз өнерлерін де паш етті. Жаңа жылды, Аяз Атаны, Ақшақарды, түрлі ертегі кейіпкерлерін, әсіресе, жаңажылдық тосын сыйлықты асыға күтетін бүлдіршіндер шат көңілмен ескі жылды өкпесіз шығарып салып, келе жатқан жылды қуана қарсы алып, мәз-мейрам болысты.
(Өз тілшіміз).
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Петропавл қаласы.