«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАЛЫҚТЫҢ, ЖАРИЯЛЫЛЫҚТЫҢ, ЖЕТІСТІКТІҢ ЖАРШЫСЫ

Қол жетпес армандай көрінген ақпараттық технология игіліктері бүгінде күнделікті тірліктің көрінісіне айналып жатқанына етіміз әбден үйреніп алды. Мәселен, жүздеген шақырым жол жүріп, арып-ашып зорға бітіретін шаруамызды үйден шықпай-ақ, компьютердің тетіктері арқылы түгендеу өңіміз тұрмақ түсімізге енуші ме еді?! Ел тәуелсіздігін алған уақыттан бері көз алдымызда көп дүние жаңарыпты. “Электронды үкімет” бағдарламасын соның бірегейіне жатқызуға әбден болады.

Өткен жылдарға бір сәт оралып көрейікші. Кейде бір тілім қағазға басылған анықтаманы алу үшін де өңір жұртшылығы ат терлетіп, аудан немесе облыс орталығына, тіпті, Астанаға баратын. Шалғай елді мекендер тұрғындарын айтпағанның өзінде қалада да бұл мәселенің өзіндік ауыртпалықтары мен қиыншылықтары жетіп артылушы еді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, жергілікті әкімдіктер, әртүрлі төлемдер қабылдайтын кассалар мен әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі тізбектелген ұзын-сонар кезектердің өзі неге тұрады?! Мұның бәрі айналып келгенде, тұрғындардың қыруар уақытын шығындайтын әрі жүйкелерін тоздыратын күрделі үрдістер болатын. Бүгінде осындай тұрмыстық маңызы зор проблемалардың тиімді әрі жедел шешілуіне “Электронды үкімет” нақты қолғабысын жасап жатыр десек, артық айтқандық емес.

Ел өмірін жаңартқан инновациялық қадамдарды дамыту және техникалық қолдау ісіне “Ұлттық ақпараттық технологиялар” акционерлік қоғамының білек түріп кіріскеніне 10 жылдың жүзі болыпты. Акционерлік қоғамның облыстық ақпараттық технологиялар орталығының директоры Нариман Шахметовтың айтуынша, бүгінде Елбасының “Электронды үкіметті” дамытудағы тапсырмаларын және “Ақпараттық Қазақстан – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ісі де кезең-кезеңмен орындалу үстінде.

– Елімізде “Электронды үкімет” құру ісі осыдан 9 жыл бұрын басталған еді. Соған орай жасалған бағдарламаның басты мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технология арқылы халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсету болатын. Негізі, “Электронды үкіметті” енгізу – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейтін әкімшілік реформаның маңызды элементі. Ол мемлекеттік үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге жағдай жасайды. Екіншіден, мемлекеттік аппаратты ұстау бойынша шығындарды қысқартады. Үшіншіден, қызмет көрсету сапасын жақсартады. Төртіншіден, салықтарды төлеу мен әртүрлі құжаттарды рәсімдеу уақытын үнемдейді, – дейді орталық директоры Нариман Шахметов.

САНДЫҚ ҚОЛТАҢБА СЫРЫН

ҰҚТЫҢЫЗ БА?

Сонымен үкіметтің электронды түрімен қандай қызмет түрлерін пайдалана аламыз? Мәселен, порталға тіркелген соң ешқайда бармай-ақ, үйіңізде отырып-ақ, онлайн режімінде барлық коммуналдық төлемдерді төлеуіңізге мүмкіндік бар. Айыппұл төлегіңіз келсе, порталға өзіңіздің көлігіңіздің нөмірін енгізіп, қандай да бір құқықбұзушылық немесе айыппұл төлейтініңіз туралы ақпарат ала аласыз. Қажет болса “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі” есепшотты толтыруға да болады.

Жас жұбайлар некелесу жайында өтініштерін электронды түрде жолдап, куәліктерін алғанының куәсі болып жүрміз. Сәби дүние есігін ашқан сәттен оны балабақшаға кезекке қоюдың жеңіл әрі ашық жолын да осы “Электронды үкімет” арқылы үйрендік. Ғаламтор тіліне жетік жастар үйде отырып-ақ Үкіметтің осы түрі арқылы “Болашақ” бағдарламасына құжаттарын тапсырып, келешегіне сенімді қадам басуда. Әуе және темір жол билеттерін онлайн жүйесі арқылы сатып алу, кейбір тауар мен қызмет түрлеріне Интернетпен тапсырыс беру секілді жұмыстар жолға қойылып келеді. “Е-әлемге” халықтың еті үйрене бастағанының айқын дәлелі осы емес пе?!

– Ойлап көріңізші, құжаттардың барлығы бұған дейін қағаз күйінде беріліп, мемлекеттік қызметшілердің кабинеттерінде, мекеме мұрағатында бума-бума болып жатса, енді олар тегіс электронды күйге көшіріліп, жинақы түрде сақталатын болды. Әрі электронды форматтағы құжаттардың да жарамдылығы, заңдылығы мен күші қағаз құжатпен бірдей. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар құжаттарының барлығы бүгінде бір орында, “мемлекеттік мәліметтер базасында” сақталады. Керекті инфрақұрылым құрылып, жүйелер арасындағы шлюздер тұрғызылды. “Электронды үкімет” порталында анықтамалар көзді ашып-жұмғанша дайын болса, кейбір құжаттар 30 күннің ішінде дайын болады. Егер кедергілер туындап жатса, екі күннің ішінде жауап келеді. Ал электрондық-сандық қолтаңбасы бар тұрғындар үйлерінде отырып-ақ Интернет игілігін көруге болатынын әлі де толық түсінбеген сияқты, – дейді облыстық ақпараттық технологиялар орталығының аға инженері Мирас Әбжанов.

Орталық мамандары электронды құжатымыздың ешқашан жоғалып кетпейтінін де айтып, сендірді. Бұдан былай бір рет алған құжатыңыздың көшірме-дубликатын немесе оны растайтын тағы да басқа қағаз құжатты алудың қажеті болмайды екен. Себебі, бұл құжаттар әрдайым сіздің иелігіңізде. Оларға Интернет арқылы шығып, egov.kz порталына кіріп, “жеке кабинетіңізден” жүктеп алуға болады.

Жеке кәсіпкерлерге де қолайлы жағдай туып отыр. Бұрындары әділет департаментіне барып, өтініш беріп, компанияны тіркету, содан кейін салық департаментіне жүгіріп, салықтық есепке тұру қажет болатын. Содан статистика органына жүгініп, қызмет түрін статистикалық есепке қоятынсың. Бір ай бойы қаптаған құжаттарды жинауға және ол жолда әртүрлі адамдармен жолығысуға тура келетін. Бәрін еңсергенде ғана, соңында мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке қол жеткізесің. Бүгінде “Электронды үкімет” порталына кіріп, бір форманы толтырсаңыз, жеткілікті. Әрине, бұдан бұрын электронды цифрлық қолтаңба алуға тиіссіз. Ол болса, портал арқылы өтініш берсеңіз, бір ай емес, бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеу куәлігін ала аласыз.

Бизнесті бастау және дамыту жолын­дағы тағы бір маңызды үдеріс – әртүрлі лицензиялар мен рұқсат құжаттарын алу. Электрондық лицензиялау порталында рұқсат құжаттарының енді 376 түрін алуға мүмкін болып отыр.

Портал арқылы “Автокөлікті басқаруға сенімхатты тіркеу” сервисі де іске қосылды. Бұрын айталық, өз көлігіңіз бойынша сенімхат жазып бергіңіз келсе, ол үшін нотариуске барып, нотариалды рәсімделген сенімхат жасатуыңызға, оны жол полициясында тіркеуге қоюыңызға тура келетін. Қазір не мамандандырылған ХҚКО-ларға жүгінесіз немесе дәл осыны порталда онлайн режімінде іске асыра аласыз. Бұл үшін Интернет пен сандық қолтаңба ғана қажет. Өтініш берушіге бұрынғыдай қандай да бір құжаттардың көшірмесін ұсынудың да керегі жоқ. Тек электрондық форманың тиісті тұстарын толтырсаңыз жеткілікті. Жақында ғана ел игілігіне тапсырылған бұл қызмет 9 мың 515 рет пайдаланылған екен. Биылғы жылдың 7 айында ғана әртүрлі 570 онлайн қызмет пен сервис түрінің 20 миллионнан астам қызметі көрсетіліпті.

Салық органдарының кәсіпкерлердің тоқсандық есеп-қисаптарын электронды түрде қабылдауы олардың уақыттарын үнемдеуге қомақты үлес қосса, азаматтар елдің әр өңірінен Үкімет блогына хат жазып, сұрақ қойып, өтініштерін білдіру мүмкіндігіне ие болып отыр. Оған құзырлы мекемелер мен министрліктер дер кезінде жауап беретін үрдіс те қалыптасқан. Ел халқының Елбасының, Үкімет пен Парламенттің, министрліктер мен әкімдіктердің веб-сайттары қабылданған заңдармен, қаулы-қарарлармен жіті танысуға, қажетті ақпараттарын дер кезінде табуларына қолайлы жағдай жасалған. Ел Үкіметі бүгінге дейін селекторлық режімдегі жиналыстарды өткізу, Парламентте Үкімет сағатын ұйымдастыру секілді жұмыстың жаңаша тетіктерін қалыптастырып үлгерген. Осының өзінен-ақ әлем көшінен қалмай келе жатқандығымызды айқын аңғаруға болады.

ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ

ЕТЕТІН ОРТАЛЫҚ

“Халық пен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсетуді оңайлату қажет. “Электронды үкімет” функционалын кеңейту керек. Үкіметке 2017 жылға дейін барлық қолданыстағы мемлекеттік жүйелер мен деректер базасын “Электронды үкімет” платформасына кіріктіруді тапсырамын”. Мұндай тапсырманы биылғы жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа парламент маусымының ашылуында берген болатын. Елбасы халыққа және бизнеске мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жеңілдету мен “Электронды үкіметтің” функционалын кеңейту қажеттілігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы: “Заңды тұлғаларды тіркеуді әрі қарай жеңілдету жолымен жүру керек. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлік субъектілерін жою рәсімдерін жеңілдету қажет… Рұқсат қағаздары мен хабарламаларды беруді электрондық форматқа көшіру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. 2015 жыл ішінде Үкімет рұқсат қағаздары санын 50 пайызға дейін қысқарту қажет”, – деп айтқан еді. Жаңа тапсырмалар портал жұмысын ұйымдастыру мен дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру міндетін қойып отыр. Осы мақсатта еліміздің әр өңірлерінде “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ның деректерді өңдеу орталықтарын ашу ісі қолға алынуда. Біздің өңірде де осындай орталық биылғы жылдың қараша айында ашылмақ. Интернет платформалардағы барлық ақпараттардың сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін деректерді өңдеу орталығы “Ақпараттық Қазақстан – 2020” бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Бұл “Электронды үкімет” порталын әрі қарай дамытуға бағытталған жоба болып саналады. Мамандардың айтуынша, жаңа орталық халықпен жұмыс жасайтын мемлекеттік органдардың серверлерін бір орталыққа орналастырып, азаматтардың мәліметтерін қауіпсіздікте сақтай алады.

– Деректерді өңдеу орталығы барлық халықаралық сапа стандарттарына және қауіпсіздіктің 4-ші деңгейінен 2-ші деңгейіне сәйкес келеді. Осы тұрғыдан деректерді өңдеу орталығы тәулігіне – 24 сағат, аптасына – 7 күн, жылына 365 күн жұмыс атқарады. Оның бағдарламалық-ақпараттық кешені 100 пайыз деңгейінде тұрақты жұмыс жасауын, жабдықтарға залал келтірілмеуін және мәліметтерді рұқсатсыз пайдалану мен иемденуден қорғалуын қамтамасыз етеді, – дейді “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ облыстық ақпараттық технологиялар орталығының директоры Нариман Шахметов.

Орталықтандырылған электржабдықтауыштары бар бөлмеде арнайы кешенді мониторингтер жүргізілмек. Орталық кондиционерлеу, автоматты газды өрт сөндіру, күзет өрт дабылы, бейнебақылау және басқару жүйесімен жабдықталатын болады.

АЛАҚАНДАҒЫ

“Е-ӘЛЕМ”

Таяу уақытта мемлекеттік қызметтерді көрсету ісі мобильдік құрылғыларға көшірілетін болады деген жаңалыққа не дейсіз? Компьютерден порталға кіріп, құжаттарды алу жолға қойылды, мемлекеттік органдар да соған бейімделді. Ендігі кезекте қалтаңда жүретін ұялы телефон арқылы “Мобильді үкімет” деп аталатын жоба қолға алынуда. Ол 2016 жылдың соңына дейін жүзеге аспақ.

Келешекте елімізде ерекше қауіпсіздікті қажет етпейтін құжаттарды меморгандар, нотариустер, адвокаттар ұялы аппараттармен хабарлама арқылы ала алатын болады. Әр адамның жеке цифрлық қолтаңбасы оның телефонының SIM-картасына жазылатын болады. Сіз кез келген уақытта ұялы байланыс операторына барып, “sim-картаңызды” ауыстыра аласыз: жаңа картаңызға оператор сіздің нөміріңізді түсіреді, ал ХҚКО оған сіздің ЭЦҚ-ңызды енгізеді. Биылғы жылы осы инновациялық жобаның бірінші кезеңі аталған sim-карталарды жасаудан басталмақшы.

Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингіне сәйкес Қазақстан “Электронды үкіметті” дамыту деңгейі бойынша 190 елдің арасында 28-ші орынға көтерілген екен. Алдағы жоспарлар ауқымды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде “Электронды үкімет” түгілі кейбір ауылдарда әлі күнге дейін ғаламтордың, ондағы жылдамдықтың жайы көңіл көншітерлік емес. Сондықтан “Электронды үкіметті” насихаттау жұмысы әлі де қарқын ала түсуі тиіс, дейді сала мамандары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp