“Ел іші – алтын бесік” қой шіркін қашанда… Жақында ғана елге келіп, қызмет істей бастаған едік, таныс-біліс көрген жанның бәрі шұрқырай амандасып, бойындағы жылылық, бауырмалдық сезімдерін білдіріп жатыр. Өзіңнің біреуге керек екеніңді сезініп, ондайда көңілің марқайып қалады екен.
Соның ішінде бір үлкен ағамызбен кездескенім ерекше әсер қалдырды. Бұрын облыс деңгейіндегі кәделі қызметтерде істеген, елге сыйлы, артында біршама із қалдырған құрметті ағамыз еді. Ішіне сыймай жүрсе керек, ол біраз мәселелерді ақтарып салды. Басқа дүниелердің басын қайырып тұрып, ол өзінің бір өкпесін де айтып қалды. Айтуына қарағанда қазіргі жас басшылар өздерін керек қылмайды екен. “Бұрын біз басшылықта жүргенде үлкен қызметтерде болған, өмірлік тәжірибесі мол ағаларымызбен ақылдасып отыратын едік, не істесек те олардың пікірін ескеретінбіз, қазіргілер ондайды білмейді. Тіпті осы жердің ой-шұңқырын білмейтін, ішкі тынысынан хабары жоқ, халқын танымаған, кадрлық, экономикалық, әлеуметтік әлеуетімен таныс емес сырттан келген жастар да ешкіммен ақылдасуды ойламайды. Бәрін өздері білетіндей ұрып-періп бірдеңе істеген болады, оларының бір бұрышы қисайып тұрады”, – деп налыды ағамыз.
Шынында да, соңғы жылдары жас басшылар көбінесе өзімбілемдікке көбірек салынып кеткен сияқты. Ұрпақ сабақтастығы деген де ескерілмей қалған. Бір ұрпақтың бастаған игі істерін олардың орнына келгендер жалғастырмайды. Керісінше, бәрін жаңадан бастауға тырысады. Әсіресе, орталық басқару органдары солай болып кетті. Мәселен, білім беру саласында бір министрдің бастаған реформаларын екіншілері жалғастырмай, керісінше, өзінікін жаңадан бастап, халықты, соның ішінде мұғалімдерді шаршатып жібергенін білеміз. Денсаулық сақтау да солай, дәрігерлер жаңа басшы келсе зәрезап болып отырады. Басқа салалардан да осындай мысалдарды табуға болады.
Біз ежелден алдыңғы толқын ағалардың ізін жалғастыруды, солардың салып кеткен дәстүрлерін сақтап, жаңа заманға сәйкес әрлендіру мен толықтыруды қолдап келе жатқан халық едік. Үлкендерден ақыл сұрау, олардың пікірін білуді де ешқашан ұмытқан емеспіз. “Алпысқа келгеннен ақыл сұра” деген мақалды да басымызға ту еткен жұртпыз. Соның арқасында бағымыз баянды, бақытымыз орнықты болғанды.
Ал қазір орталық және жергілікті басқару органдарында өзінің тікелей бастықтарынан басқаны көзге ілмейтін басшылар буыны қалыптасып қалды. Олар бастығынан басқа ешкімнің де ақыл-кеңесін, өмірлік тәжірибесін, терең білігін ескермейді, пікірін тыңдағысы келмейді. Осындай кеудемсоқтық қайдан шықты деген сауалға жауап іздегіміз келіп отыр.
Жаңадан келген бастықтар үлкендердің ақылын тыңдап, пікірін білуі үшін алдымен оларға өздерінің жаңадан жасамақ болып жатқан істерінің көздеген мақсаты не екенін түсіндіруі тиіс қой. Бірақ соған жас басшылар қауқарсыз ба деп ойлаймын. Егер саланың жас бастығы зейнетте жүрген бірнеше ақсақалды шақырып, ақылдасу үшін мәселені алдымен өзі терең ұғынып және оны тілмен жеткізе алатындай дәрежеде болуы керек. Оның үстіне тәжірибелі адамдар қосымша сұрақтар қойып, мәселенің түпкі мақсатын анықтағысы келеді. Ал ондайға жауап беруге жас басшының қарымы жетпейді де, ақылман ақсақалдарды шақырудың орнына олардан қашқақтауға тырысады. Бұл бір себебі сияқты.
Екіншіден, ақсақалдарды жинап алып, ақыл-кеңес сұрағанын білсе, өзінің үстінен қарайтын бастығы ұнатпай қалуы мүмкін. Ол ұрыспаса да сенімсіздік көрсетіп қалар деген қауіптен жас басшы жасқанып, өз тарапынан мұндай бастамашылдық жасағысы келмейді.
Үшіншіден, қазіргі жас басшылардың көбі өздерін үлкендерден ақылды санайды. Өйткені, бұлар компьютердің қыр-сырын жақсы меңгерген. Ал ақсақалдардың көбі оны қалай ашуды да білмейді. Өзіне қажеттінің бәрін компьютерден алып үйренген жас басшы “осындай адамнан не ақыл сұрауға болады, ол не біледі дейсің” деп ойлайды.
Бір үлкен тойда микрофон ұстап тұрған орта жастағы қарасақал “қазіргі жастар бәрін де бізден артық біледі. Біз оларға ақыл айта алмаймыз, олар интернеттен өзіне керектінің бәрін табады” деп ділмәрсіді. Мұндайға жастар елең ете қалады. Өйткені, өздері де соған бейім, бәрін де интернеттен алуға құштар. Рас, онда өмірдің барлық саласына қажетті ақыл-кеңестер бар, алайда, өмірлік нақты тәжірибе жоқ қой. Ал тәжірибеде іске аспайтын ақыл – арзан демагогия ғана. Ондайды санасына сіңірген жан алысқа бармайды. Жастар олардың қайсысы дұрыс ақыл, қайсысы демагогия екенін тәжірибесі болмаған соң айыра да алмайды.
Қазақта “ақыл – жастан, асыл – тастан” деген де мақал бар. Бұған қарап ақыл тек жастан шығады деп ойламау керек. Мұндағы ақыл сөзі қазіргі қолданып жүрген инициатива, яғни бастамашылдыққа көбірек келеді. Жастардың бойындағы тапқырлық, бастамашылдық, тіпті батылдық сияқты қасиеттерді қосқанда қазақ оны ақыл деп бір сөзбен беріп тұр.
Абай данышпан “Ақылмен ойлап білген сөз, Бойға жұқпас сырғанар, Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар” деген. Яғни, интернеттен “ет-жүрексіз” еріннің сөзімен айтыла салған ақылдан гөрі көргені мен түйгені көп, жаныңда жүрген абыз ақсақалдың өмірлік тәжірибемен бойына сіңірген ақылын алған дұрыс-ау.
Көргені мен көңілге түйгені көп ақылман адамның пікірін ескерген басшы ғана халықтың жүрегіне жол табатын іс жасай алады. “Бәрін де біз бастап жатырмыз, бізге дейін мұндай болған емес” деген сияқты астамшыл пікірлерден арылған дұрыс. Бұлардың бәрі сізге дейін де жасалған, сізден кейін де жасалады, ағылшындар “жаңаның бәрі – ұмытылып қалған ескі” дегенді тегін айтпаған. Тек сол жасалатындарды өз кезегіңде тәжірибелі ақсақалдардың ақылымен, қосқан пікірімен жетілдіре алсаң, міне, сол адам ғана халықтың есінде қалатын ақылды басшы бола алады.
Жақсыбай САМРАТ.