«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАША БАҒАЛАУ ТИІМДІ

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың сапалы білім алуына кепілдік берілген. Сапалы білім алуға тең құқықтық Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында және ол білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаларының бірі ретінде қарастырылады.

Білім саласындағы аталмыш саясатты жүзеге асыру барысын бақылау аумақтық бақылау жөніндегі департаменттерге жүктелген. Әлемдік білім жүйесінің осызаманғы даму үдерістері дамыған елдерде қалыптасқан тәжірибеге назар аудартпай қоймайды. Мысалы, Ұлыбританияда орта білім беру сапасын бағалайтын негізгі орган корольдік инспекция болып табылады. Ол барлық мектептердегі және орта кәсіптік білім беру мекемелеріндегі білім сапасы жағдайын ұдайы зерттеп, үкіметке хабарлап отырады. Көршілес Қытай Халық Республикасында мектептегі білім беру сапасын бағалау мен бақылаудың негізгі тетігі инспекторлық қызмет. Оны жүзеге асыру үшін арнайы құрылым – мемлекеттік ұлттық инспекторат құрылған. Өңірлік деңгейдегі 30 провинцияда, автономдық округтер мен ірі қалалардың муниципалитеттерінде білім басқармаларының орталық органдар бақылауындағы инспекция департаменттері құрылған.

Шведтік заңнамаларға сәйкес білім беру жөніндегі ұлттық агенттік мемлекеттік орган болып табылады. Ол білім сапасын бақылау мен қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастырады. Ағымдағы мониторингке, білім беру мекемелері мен екінші деңгейдегі білім беру бағдарламаларын аттестаттау мен инспекторлауға жауап береді.

Алғашқы үш жылдың тәжірибесі біздің қандай бақылауға ұмтылуымыз керектігін, қандай модель барынша тиімді болатынын көрсетіп берді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бақылау жүйесі кеңестік тәжірибеге негізделген. 2014 жылдың өзінде ғана ұсынылған білім беру қызметтері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сай келмеуіне және оның аттестаттау нәтижелерінде басқа да бұзушылықтары болуына байланысты 20 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 412 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалпы құны 763,0 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 39 заңды тұлға 1950 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалпы құны 3 611,4 мың теңгенің айыппұлын төлейтін болды.

Аттестаттаудан өте алмай қалған мектептер мен колледждердің білім беру қызметіне берілген лицензиялары 2 айдан 6 айға дейін тоқтатылды. Білім беру ұйымдарының аттестаттаудан өте алмауларының негізгі себебі оқушылардың білім сапасының төмендігінде болып отыр. Ол мектептер мен колледждер түлектерінің білімдерін тексеру үшін алынған білім сынақтарының нәтижелерінен белгілі болды. Айыртау ауданындағы Матвеевка және Орловка бастауыш, Есіл ауданындағы Спасовка және Жамбыл ауданындағы Амангелді негізгі мектеп оқушыларының білім деңгейі өте төмен. Бұл мектептерде сынға түскен 4-ші және 9-шы сыныптардың бірде-бір оқушысы жақсы баға ала алмады.

Тимирязев ауданындағы Белоградовка орта мектебі (11,7 пайыз), Есіл ауданындағы Тонкошуровка негізгі мектебі (14 пайыз), Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ұзынкөл орта мектебі (16 пайыз), сондай-ақ, Ленинград ауыл шаруашылығы колледжінде “Фермерлік шаруашылық” (16 пайыз), “Тамақты ұйымдастыру” (7 пайыз) мамандықтары бойынша тестілеу қорытындылары нашар.

Біз тоқсан сайын сыныптар мен пәндердің қорытындыларына талдау жасаймыз. 2014 жылы орыс тілінен (32,9 пайыз) 4-сынып, қазақ тілі (30,8 пайыз) мен географиядан (32,3 пайыз) 11-сынып оқушылары жақсы және үздік баға алды. Алайда, бұл көрсеткіштер 30 пайыздан сәл ғана жоғары. Ең төмен баға 9-сыныптағылардың еншісінде. Олардың математикадан – 68, физикадан – 80, химиядан 80,9 пайызы қанағаттанғысыз баға алды. Бұл мектеп мұғалімдерінің аталмыш пәндерді оқыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізбейтіндерін, әдістемелік қызметтің осал екенін білдіреді.

Сонымен қатар 27 білім беру ұйымында мемлекеттік стандарт талаптары бұзылғаны анықталды. Соның ішінде 16 мектепте жалпы орта білім беру, 10 шағын орталық пен Тимирязев ауданындағы “Радуга” балабақшасында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бағдарламалары бұзылған. Аттестаттау комиссиясының барлық ескертпелері ата-аналар, жергілікті атқарушы органдар, білім басқармасының өкілдері қатысқан қорытынды педагогикалық кеңесте ұжымға жария етілді.

2015 жылдың басында өткізілген алғашқы аттестаттау қорытындылары көңіл қуантады. Аттестаттаудан өткен ұйымдардың 70 пайызы оны сәтті аяқтады. Мектептердің жұмысын ұйымдастыру бойынша бұзушылықтар азайды. Басшылар мен ұжымдардың өз қызметтерінің қорытындысы үшін жауапкершіліктері артты.

Қазіргі таңда оқытудың сапасын бағалау құралы өзгеруде. Оның негізіне әлемнің дамыған елдерінің бақылау тәжірибесі алынған. Онда бұзушылықтарды тіркеу мен жазалаудың маңызы жойылып, дамыту бағыты басымдық алған. Бұзушылық азайған сайын білім беру ұйымдарын тексеру де сирей түседі. Жаңа бағалау құралын жүзеге асырудың қанатқақты жобасын енгізуге облыстың 39 білім беру ұйымы кірісті. Алғашқы қадамдар инновацияның оң қабылданғанын көрсетіп отыр. Мектеп педагогтері мен әкімшіліктері оқыту сапасын бағалаудың жаңа әдістемесінің қарапайым әрі ыңғайлы екендігін көрсетті. Жаңашылдық білім бақылау жөніндегі департамент арқылы жүргізілуде. Бұл, ең алдымен, бақылаушы органның өзі білім беру саласындағы ахуалдың жақсаруына және балалардың сапалы білім алуына, конституциялық құқықтарының қорғалуына мүдделі екенін көрсетеді.

Ерлан ӘБІЛДИНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы,

экономика ғылымдарының

кандидаты, доцент.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp