«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАША ДАМУҒА НИЕТТІ ЕКІ КӘСІПОРЫН

Өңірлік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында облысымыз 39 жобаны жүзеге асырмақ. Жоспар бойынша биылғы жылдың соңына дейін 20 жобаны іске қосу мақсат болса, бүгінде оның 6-уы орындалған. Осыған орай облыс әкімі Ерік Сұлтанов Индустрияландыру картасына енгізілген екі кәсіпорында болып, өндіріс ошақтарының жұмыстарымен танысты.

Өңір басшысы ат басын тіреген бірінші нысан – “Жүнісов” жеке кәсіпкерлігі болды. Ісін былтыр қолға алған Боштай Жүнісов мемлекеттен қолдау тауып, өз кәсіпорнын кеңейтіп үлгерген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша алған несие қаржысына үш қондырғы сатып алып, жылу блоктарын жасай бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпорын жылу блоктарының 7 түрін шығармақ. Жаңа технологиямен өндірілетін бұл өнімдер 75 жылға дейін жарамды. Нысанның жұмысымен танысу барысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов жаңа технология бойынша жасалған жылу блоктарының нарықтағы бағасы арзан болса, оларды мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына пайдалануға тапсырыс жасалатынын айтты.  

Облыс әкімінің жаңа кәсіпорындардың жұмысымен танысуы “Композитті материалдар зауытында” жалғасты. Биылғы жылдың сәуір айында іске қосылған жобаны жүзеге асыруда ресейлік бизнес өкілдерінің үлесі бар. Шекаралас өңірлер арасындағы әріптестіктің арқасында Петропавлда полипропилен құбырларына композитті қоспа әзірлеу ісі қолға алынды. Бұл қаптамалар құбыр ішіндегі атмосфералық қысым жоғары болса да, оның пішінінің өзгеруіне жол бермейді. Нәтижесінде құбырлардың төзімділігі 2 есеге артып, қолдану мерзімі 50 жылға дейін ұзарады. Кәсіпорынның құрылтайшысы Александр Голотяк облыс әкімімен әңгіме барысында Қазақстанда өндірісті дамытуға барлық жағдай жасалғанын, орта және шағын бизнеске мемлекеттің жақсы қолдау көрсетіп отырғанын естіп, өзінің табыс көзін кеңейтуді ұйғарғанын жеткізді. Өнімдер Қазақстан мен Ресей нарығына шығарылатын болады. Кәсіпорын басшылары жоспар бойынша 2016 жылға қарай зауыттың өндіріс аумағы ұлғайтылып, жаңа цехтар ашылады, сондай-ақ, сантехникалық құбырларды құрастыру ісі де қолға алынады деп отыр.

Аманжол НҰРТАЗИН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp