Ашықтық, қолжетімділік, жылдамдықты қамтамасыз ету мақсатында өңір полицейлері жаңа жұмыс форматын енгізіп, әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде азаматтарға құқықтық кеңес беруде.
Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері облыстық полиция ведомствосының ресми аккаунттарында ұйымдастырылған үш бірдей тікелей эфирге қатысты. Қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы полиция майоры Әлібек Ғабдуллин, бөлім бастығының орынбасары полиция подполковнигі Шәмшиден Ақышев «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы туралы баяндады. Сондай-ақ, ЖПҚб бастығы WhatsApp мессенджеріндегі оның +7-708-432-46-00 қызметтік нөміріне хабарласып, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру бойынша сұрақ қоюға, қылмыс пен құқық бұзушылықтар жайлы хабарлауға болатынын еске салды. Әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы полиция аға лейтенанты Әлишер Жармағамбетов атыс қаруының айналымын бақылау бойынша қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Полицейлердің қатысуымен тікелей эфирлер медиа-студиядан тыс жерлерде де өткізіледі. Мәселен, жуырда облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде облыстық мәслихат депутаты Райхан Әбдірахманова қалалық полиция басқармасының басшылығымен бірлесіп азаматтарды қабылдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
20-21 желтоқсан күндері ел аумағында «Жолда қабылдау» акциясы осымен тоғызыншы рет өткізілуде. Облыс орталығында, сондай-ақ аудандарда әкімшілік және жергілікті полиция қызметі, сондай-ақ көші-қон қызметінің басшылығы мен тәжірибелі қызметкерлері екі күн бойы таңғы сағат 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін алдын ала жазылусыз облыс тұрғындарын қабылдап, Facebook және Instagram-дағы тікелей эфирлерге келіп түсетін сауалдарға жауап береді.