Жаңашылдыққа жатырқай қарайтын әдетімізге басып, 12 жылдық білім беруге көшу мәселесіне “ә” дегеннен тосырқай қарағанымыз рас. Алайда, уақыт өз дегенін істеді. Үстіміздегі оқу жылында облысымыздың бірінші сыныпқа баратын 8582 бүлдіршіні жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесі бойынша оқытыла бастады. Аталмыш жүйенің жұртшылық көңілін күпті етіп, ойларын сан саққа жүгірткен тұстары көп болды. Олар үш тілді білім беруге көшу, бес күндік оқу аптасының енгізіліп, балалардың жазғы каникулының қысқаруы сияқты мәселелер болатын.
Әсіресе, көпшілік ата-аналарды кішкентай балғындарының үш тілде білім алуға даярлығы алаңдататын сыңайлы. Өйткені, қаладағы жергілікті ұлт өкілдері балаларының көпшілігінің қазақша тілі қалыптаспағандықтан, олар ертең не қазақ, не өзге тілді дұрыс білмей қалмай ма деп қауіптенеді. Менің бұрын бастауыш сыныптарда мұғалім болған бір танысым: “Бірінші сыныпта жазуға өткенде балалар қазақ және орыс әріптерін шатастырушы еді. Олардың әріптерінде айырмашылық та шамалы ғой. Оған енді ағылшын тілі қосылса, балалар тіпті дым білмей қалатын шығар?!” – деп өзінің күдігін білдірген еді.
Танысымның бұл сөздері мені де ойландырып тастады. Осы ретте Петропавл қаласындағы жаңартылған бағдарлама бойынша сынақтан өткен (орыс тілінде оқытатын) №16 орталау мектебінің директоры Айсұлу Сәрсенбекованың пікірін білдім. Ол: “Жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасында балалардың сөйлеу тіліне ерекше мән беріледі. Тіл үйрету тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым әдістерін пайдаланып жүзеге асырылады. Бірінші сыныпта сабақ ойын, зерттеу, сурет салу, есептеу, сипаттау, тағы басқа әдіс-тәсілдер арқылы балалардың қазақ және ағылшын тілінде сөздік қорларын қалыптастыруға бағытталады. Олар бірден әріппен танысып, оны жазбайды”, – деп жаңаша оқыту туралы өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, бірқатар түсінік берді.
Аталмыш мектепте былтыр 11 бала сынақтан өткен. Оқу жылының соңында балалардың білім деңгейі: үшеуінікі – “үздік”, төртеуінікі – “екпінді”, тағы сонша оқушынікі “жеткілікті” деп бағаланған. Яғни, бірінші сыныпта оқушыларға баға қойылмайды.
Облысымызда жаңартылған бағдарлама бойынша сынақтан өткен қазақ тілінде оқытатын Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гауһар Ажмағанбетованың айтуынша, аталмыш мектепте 4 бала апробациядан өткен. “Нені болсын бастау қиын ғой. Тәжірибенің жоқтығынан алғашында біраз қиналдық. Алайда, жоғары сынып оқушыларына қарағанда мектепке дейінгі жастағы балалар еліктегіш келеді. Сондықтан балалар жас ерекшеліктеріне сай берілген бағдарламаны тез игеріп әкетті. Қарапайым ауыл мектебі жағдайында оқыған оқушылардың нәтижесіне қарап, басқа балалардың да осы бағдарламаны толық игеруге шамалары келеді”, – деді ол.
Жаңа оқу жылының қарсаңындағы мұғалімдердің тамыз кеңесінде де жаңа мазмұндағы оқыту жүйесі туралы сөз болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі Нұрсейіт Байжанов: “Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үш тілді оқыту енгізілейін деп жатқан жоқ. 2019 жылдан бастап үш тілде оқытуға тек 10-11-сыныптарды кезең-кезеңмен көшіру жоспарлануда. Жаңа бағдарламаға сәйкес осы сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі. Оған дейін үш тілде білім беретін мұғалімдер даярланады. Қазіргі күні еліміз бойынша курстардан 5 мыңнан астам бастауыш сынып мұғалімдері өтті”, – деді.
Нұрсейіт Байжановтың сөзіне қарағанда, қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және басқа да пәндер қазақ тілінде оқытылады. Орыс тілі мен әдебиеті, дүниежүзі тарихы пәндері оқыту тіліне қарамастан, орыс тілінде жүреді. Қалған сыныптарда бұрынғы базалық принциптер өзгермейді.
Сондай-ақ, ата-аналарды үш тілде оқытатын кадр мәселесі де толғантатыны белгілі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу және академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айнагүл Мұхамеджанованың айтуынша, аталмыш білім ордасында үш тілде білім беруге ерекше ден қойылған. Университетте жоғары курс студенттері мен оқытушылар үшін қазан айынан бастап ақысыз тіл үйрету курстары жұмыс істейтін болады. 4 пәнді (информатика, физика, химия, биология) ағылшын тілінде жүргізетін мұғалім кадрларды даярлау жұмыстары қолға алынбақ. Ол үшін даярлық бөліміне 100 орынға мемлекеттік тапсырыс түскен. Бұдан басқа үш тілді кадрларды даярлау мәселесіне “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалы, Петропавлдағы “Педагогикалық шеберлік орталығы”, арнайы орта білім беретін оқу орындары да белсене араласуда.
Бес күндік оқу аптасын енгізуге байланысты жаңалықты да әркім әрқалай қабылдады. Бұл жаңалық алғашында қуантып тастады. Алайда, қуаныш ұзаққа бармады. Бес күндік білім беру есебінен жазғы демалыстың қысқаратынын білген балалар мен ата-аналардың көңілі су сепкендей басылды. Дегенмен, аталмыш жүйенің кімге де болсын оңтайлы тұстары басым сияқты. Бастауыш сыныптар 30 мамырға дейін оқып, толық үш ай демалады. Негізгі және жоғары сыныптарда оқу жылы 10 күнге ұзарады. Есесіне сенбі күндері есебінен 34 қосымша демалыс күні болады.
Сонымен, бүгінгі мектеп табалдырығын аттаған тарыдай бүлдіршініміз – ертеңгі ел тұтқасын ұстар білікті маман. Ол XXI ғасыр жағдайында табысты әрі бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болуы үшін жаңартылған мазмұндағы білім беру заман талабы болып отыр. Бүгінгі білім жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар осы талаптардан шығу жолын көздейді. “Жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, білім жүйесіндегі қайта құрулардың қаншалықты сәтті боларын уақыт көрсетеді. Алдағы күннен тек жақсылық күтейік.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.